Жаңару күні – жаңа бастамалардың бастауы
Kyzylorda-news.kz 19 наурыз - Наурызнама онкүндігі аясындағы ерекше мәнге ие күндердің бірі – Жаңару күні. Бұл күн – табиғаттың ғана емес, адамзаттың да жаңарып, жаңғыратын, өткенге есеп беріп, болашаққа нық қадам жасайтын кезеңі.Көктемнің келуімен жер-ана бусанып, тіршілік атаулы қайта түлейді. Қыстың қытымыр суығы артта қалып, күннің нұры мен жылуы жан-дүниемізге ерекше серпіліс сыйлайды. Дәл осы сәтте адам баласы да өз өміріне көз жүгіртіп, жаңа жоспарлар құрып, тың бастамаларға бет бұрады. Сондықтан Жаңару күні – тек табиғаттың емес, әрбір адамның ішкі жан дүниесінің жаңғыруының символы.
Бұл күні халық арасында игі істер жасау, айналаны тазарту, ағаш отырғызу, үлкендерден бата алу сияқты дәстүрлер кеңінен көрініс табады. Мұның барлығы – жаңарудың, тазалықтың, жақсылыққа ұмтылыстың айқын белгісі. Жаңару – өткеннің өкінішін артта қалдырып, жүректі реніштен арылтып, жаңа үмітпен алға қадам басу.
Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы бұл кезең – татулық пен бірлікті нығайтып, ізгілік пен мейірімділікті дәріптейтін уақыт. Ендеше, Жаңару күнінде баршаңызды жаңа үміт, жарқын бастама, игі істерге толы өмір жолына қадам басуға шақырамыз. Жаңару күні – жаңа мүмкіндіктердің есігін ашатын, жарқын болашаққа бастайтын қасиетті күн!










