Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа саяси мәдениеттің орнығуы

Жаңа саяси мәдениеттің орнығуы

Жаңару – ескіден арылып, жаңалыққа қол созу. Бұл игілікке бастайтын жол. Әдетте қазақы сенім бойынша жыл басына баланған Әз Наурыз халқымыз үшін ескі жылға есендік айтып, жаңа жылға жақсылықпен қадам басу жылы болып есептеледі. Биылғы жыл Ұлттық мереке ерекше мазмұнда сипат алып тойлануда. Ендеше бүгін - жаңару күні. Бұл еліміздің саяси бетбұрысының жаңаруымен астасып жатқан айтулы күн.
Осыдан бес жыл бұрын 19 наурыз ел тарихындағы бетбұрысты күн болды.Содан кейін біздің қоғамда түбірлі өзгерістер мен жаңару үрдісі басталды. Шын мәнінде, бұл –қазіргі заманғы сын-қатерлерге жауап беретін еліміздегі жаңа әлеуметтік-саяси өзгерістердің басы болатын.Бұл күні сөзбе-сөз мағынада да, қоғамдық-саяси тұрғыда да «өмірдің жаңаруын» бейнелейтін жаппай ағаш отырғызу шарасы ұйымдастырылады.
«Жаңару» күні барша азаматтарды ортақ мақсаттарға жету жолында бірігуге және ынтымақта болуға үндейді. Қашанда елдің бірлігін көздеп, халықтың амандығын бірінші орынға қоятын қазақ елі жаңаруға қадам жасау арқылы ойы мен санасын ескіліктің сарқыншағынан арылтып, жақсылыққа жол бастайды. Біз заман ағымына ілесе өмір сүріп, заманның жаңалығын қабылдай алғанда жаңара түсетініміз бек кәміл.
Бұл күн ел өмірінде және әрбір қазақстандықтың өмірінде жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Бұл – алға жаңа мақсат қойып, жаңа жобаларды бастау, елдің жаңа басшылығының саяси ерік-жігері мен прагматикалық ұстанымының арқасында өмірді жақсылыққа қарай өзгерту туралы шешім қабылдау уақыты.
Наурыз қыс қыстауды, жаз жайлауды қоныс еткен бабаларымыз үшін айдан аман, жылдан есен жеткендігіне салауат айтып, жаңа күнге жоспар құру, болашаққа бағдар жасау кезеңі. Бұл күнде адамның ой санасы мен мақсаттарының жаңаруымен қатар күллі қоршаған орта да жаңара түседі. Қар құрсауынан босаған Жер-Ананың бойы бусанған шақта ағаш отырғызылады. Төрт түліктің төлі жайылымға жол бастайды. Міне осының бәрі күн мен түннің теңесіп, жаңа жыл бастауымен тұспа-тұс келеді.
Наурыз айында ел аумағында отырғызатын жаңа көшеттер тәрізді бұл күндері қоғамдық мәдениетке Наурыздың жаңа дәстүрлері сіңіріледі. Отырғызылған көшеттер өніп шығып, ағаштар жеміс бергені сияқты жаңа идеялар бен құндылықтар өз жемісін беріп, қоғамымызды нығайтып, өркендеуге жетелейді.
Өзінің мыңжылдық тарихында Наурыз мейрамы табиғаттың және қоғамның қайта түлеуі мен жаңаруының, адамзат баласының рухани тазаруы мен өзін-өзі дамытуының нышанына айналды. Осы шуақты да қастерлі мереке амандықты, бірлікті, бауырластық пен өзара қолдауды танытып, біздің елдерімізді біріктіретін барлық мәдени-тарихи құндылықтарды дәріптейді. Бұл – ортақ ата-бабамыздан қалған ұлы мұра. Біз оны сақтауымыз және дамытуымыз қажет. Осы мейрам қарсаңында бүкіл өңіріміздің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатымен өңірлік ынтымақтастыққа, өзара қолдауға, өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге ниет білдіруіміздің зор символдық мәні бар.
Жаңару – жақсылықтың бастауы. Елдің еңсесін көтеріп, келешекке жоспар құруы, жақсылыққа бет бұруы және содан үміт етуі – жүректің жаңаруы. Ал мемлекет үшін халықтың мүддесін көздеп, пікірін ескеріп, елдің болашағын жарқын ету жолында жаңа стратегиялық қадамдарға баруы жаңарудың, жаңа белеске көтерілуінің бастауы. Міне осындай мәнге ие жаңару адамды жаңа өмірге ізгілікке жетелейді.
Н.БАҚЫРАН
19 наурыз 2024 ж. 199 0