Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АРАЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

АРАЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Құрметті жерлестер! Қадірлі ағайын!
Наурыз – жыл басы ретінде шығыс халықтарына, күллі түркі қауымына ортақ мереке. Біріккен ұлттар ұйымының Наурызды халықаралық мереке ретінде қабылдауы да сондықтан. Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! 
Ежелден жаңару мен жасампаздықтың, ырыс пен берекенің арқауы болған Наурызбен бірге ызғарлы қыстың орнын шуақты көктем басып, тіршілік қайта түлейді. Елбасымыз айтқандай «Бұл мереке әр уақытта халқымызды іргесі сөгілмеген бірліктің, еңселі ерліктің, ырыс пен бақ-берекенің мерекесі болып саналады. Қыстан, қиыннан шыққан халқымыз бір-бірімен қауышып, төс түйістіріп, ағайынның аманшылығын біліп, өткенге салауат айтып, келешектен бақыт тілеген».
Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлету мақсатында биыл Сыр өңірінің халқы да «Амал» мерекесін атап өтті. Қауышу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылып, дастарқан жайылып, бір-біріне амандық-саулық, береке тілеп жататын жамағаттың жарқын жүздері мен жылы сөздері қандай жарасымды. Ұлыстың ұлы күнінде ұрпағымызға өнеге болатын игі шараларды, оның ішінде бір-бірімізге жәрдемдесіп, «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген өсиетті ағаш отырғызып, бұлақ көзін ашуды игі дәстүрге айналдыра білейік, ағайын. 
Халқымыз әрбір жаңа жылдан жақсылық күтіп, келер күнге зор сеніммен қараған. Мереке қарсаңында қазақстандықтарды қуанышқа бөлеген «Президенттің бес бастамасы» бақуатты тұрмысқа жол ашуымен ерекшеленуде. Еуразияның маңызды жаму орталықтарының қатарына қосылған елордамыз Астананың 20 жылдық мерейтойы да биылғы жылдың еншісінде. 
Қадірлі жерлестер!
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ, «Аралды құтқару – әлемді құтқару» деп, халықаралық мінбелерде ортақ мәселені бірлесе шешуге шақырғаны тарихтан белгілі. Арал өңірі халқына қиын уақытта шапағатын тигізген «Халықаралық Аралды құтқару қорына» биыл 25 жыл толады.
Қымбатты ағайын!
Ұлыстың ұлы күні елімізге ырысы мен ынтымағын әкелсін! Бірлігіміз бекем, ауызбіршілігіміз мол болып, тіршілік жаңаратын Наурызда ниет еткен барша тілектеріңіз қабыл болсын. Әрбір шаңыраққа Қыдыр қонып, бақ дарысын! Жыл жемісті болсын, ағаЙЫН! 
Ізгі ниетпен, Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев
21 наурыз 2018 ж. 2 743 0