Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда аутизмді ерте анықтау жүйесі күшейтіліп жатыр

Қазақстанда аутизмді ерте анықтау жүйесі күшейтіліп жатыр

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі елімізде аутистік спектрдегі бұзылыстарды (АСБ) ерте анықтау және кешенді көмек көрсету бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.

2 сәуір – Аутистік спектрдегі бұзылыстар туралы ақпаратты тарату күні ретінде әлемде кеңінен атап өтіледі. Бұл күннің мақсаты – қоғамның хабардарлығын арттыру, қабылдау мәдениетін қалыптастыру және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау.

Министрлік мәліметінше, аутизм – өмір бойы сақталатын және денсаулық сақтау мен әлеуметтік саясат үшін өзекті мәселе. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дерегіне сәйкес, әлемде әрбір 100 баланың шамамен бірінде аутистік спектрдегі бұзылыс анықталады.

2026 жылғы жағдай бойынша динамикалық бақылауда АСБ диагнозы бар 17 196 бала тіркелген. Көрсеткіштің артуы диагностиканың жақсаруы, ерте анықтау бағдарламаларының кеңеюі және медициналық көмектің қолжетімділігінің артуымен байланысты.

Қазақстанда АСБ бар балаларға көмек көрсетудің бірыңғай маршруты қалыптастырылған. Ол 16 айдан 30 айға дейінгі кезеңде ерте анықтаудан бастап, кешенді медициналық көмек, оңалту, білім беру және әлеуметтік бейімдеуге дейінгі барлық сатыларды қамтиды.

Диагностика денсаулық сақтау жүйесінде M-CHAT-R скринингі арқылы жүргізіледі. Елде АСБ диагнозы тек 3 жастан бастап психиатр дәрігер тарапынан қойылады. Ауыр және айқын белгілер болған жағдайда психикалық денсаулық орталықтарында мамандандырылған көмек көрсетіледі.

Мамандардың айтуынша, түзету көмегі симптомдардың айқындылығын төмендетіп, баланың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Әлемдік тәжірибеде негізгі әдіс ретінде психологиялық-педагогикалық және мінез-құлықтық терапия қолданылады.

Қазіргі таңда медициналық оңалту қызметін 80 орталық, оның ішінде 20 ерте араласу орталығы көрсетеді. Сонымен қатар әлеуметтік қорғау жүйесінде 8 күндізгі болу орталығы, ал білім беру саласында АСБ бар балаларға арналған 11 түзету орталығы жұмыс істейді.

Министрлік әрбір бала мен оның отбасының қажеттіліктерін ескере отырып, жеке тәсілді енгізуге және медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға басымдық беріліп отырғанын атап өтті.

kaz.inform.kz
Фото: Астана әкімдігі
02 сәуір 2026 ж. 114 0