Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін дүниежүзілік денсаулық сақтау күні

Бүгін дүниежүзілік денсаулық сақтау күні

7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні. Бұл күн әлемдік қауымдастықтардың назарын денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерге аударуға бағытталған, деп жазады Egemen.kz.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен жыл сайын аталып өтетін бұл күннің мақсаты – халықтың денсаулығын нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау. Елімізде де бұл бағытта ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылып келеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, республика көлемінде 500-ден астам алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандары салынды. Бұл ауылдық жерлердегі медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға септігін тигізеді.

Сонымен қатар, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған ведомствоаралық жол картасы әзірленді. Бұл құжат халықтың денсаулық мәселелері бойынша сауаттылығын арттыруға және саламатты өмір салтын ұстанатын азаматтардың үлесін 30%-ға дейін жеткізуге бағытталған.

ДДҰ мәліметіне сәйкес адам денсаулығының 50%-ы ұстанатын өмір салтына байланысты. Сондықтан зиянды әдеттерден бас тартып, белсенді өмір сүру, дұрыс тамақтану және стресстік жағдайлардан аулақ болу – әрбір азаматтың өз қолында.

Фото: Нұрболат Нұржаубай
07 сәуір 2025 ж. 42 0