АЛДАҒЫ МЕРЕКЕЛЕР ҚЫЗЫЛОРДАДА КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАП ӨТІЛЕДІ
Қызылордада 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр –Жеңістің 81 жылдығына арналған түрлі іс-шара жоспарланып отыр. Олардың арасында концерттер, көрмелер, акциялар, спектакльдер және т.б. бар.Биылғы мерекелік шаралардың ауқымы кең, мазмұны терең. Бекітілген жоспарға сәйкес, негізгі шаралар 4-10 мамыр аралығын қамтиды. Басты мақсат – жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді ояту және ардагерлерге лайықты құрмет көрсету.
Мереке қарсаңында облыстың барлық кенттері мен ауылдық округтеріндегі орталық көшелерде баннерлер мен билбордтар орналастырылып, мерекелік безендіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, БАҚ пен әлеуметтік желілерде этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық пікір көшбасшыларының құттықтаулары жарияланып, «Елім деп соғар жүрегім» атты патриоттық челлендждер бастау алды.
Шіркейлі ауылында Кеңес Одағының батыры Жаппасбай Нұрсейітовті еске алуға арналған волейболдан аудандық турнир өтеді.
Шиелі ауданында Социалистік Еңбек Ері Ы. Жақаев атындағы ауыр атлетикадан республикалық турнир ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, Арал ауданында батыр Ерденбек Ниетқалиевті еске алуға арналған дәстүрлі жеңіл атлетикалық эстафета жоспарланған.
Мәдениет саласында да ауқымды шаралар күтілуде. 6 мамыр күні «Өнер орталығында» Отан қорғаушылар және Жеңіс күніне арналған салтанатты жиын өтсе, Н. Бекежанов атындағы театр сахнасында «Ескі үйдегі екі кездесу» және «Жәмилә» драмалары көрермен назарына ұсынылады. 7 мамыр күні эстрада жұлдызы Жеңіс Ысқақованың 60 жасқа толған мерейтойлық концерті өтеді.
Биылғы шаралардың өзегі – ардагерлерге көрсетілетін құрмет. Атап айтқанда, Ғасыр адамы, майдангер Яхия Тасыровты құттықтауға арналған арнайы шаралар мен кездесулер Сырдария ауданында кең көлемде ұйымдастырылмақ.
9 мамыр – Жеңіс күні облыс орталығындағы «Тағзым алаңында» дәстүрлі гүл қою рәсімі, митинг және әскери шеру өтеді. Сонымен қатар, осы күні «Өнер орталығында» дарынды қолбасшы Жалаңтөс Баһадүрдің 450 жылдығына арналған «Ерлік байрағы - елдің айбары» атты республикалық ақындар айтысы мерекенің сәнін кіргізбек.
Барлық облыс тұрғындарын мерекелік шараларға белсене қатысуға және ерлік рухын ұлықтауға шақырамыз. Бұл іс-шаралар тізбегі өңірімізде бейбітшілік пен келісімді нығайтып, өткен тарихқа тағзым етудің жарқын үлгісі болмақ.










