Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Айбын - 2026» әскери-патриоттық жиынның облыстық кезеңі өткізілді

«Айбын - 2026» әскери-патриоттық жиынның облыстық кезеңі өткізілді

Облыстық қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен «Айбын-2026» облыстық әскери-патриоттық жастар жиыны өткізілді. Аталған іс-шара жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруға, әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға және ҚР Қарулы Күштерінің беделін арттыруға бағытталған маңызды дода болып табылады.
«Айбын» әскери-патриоттық жиыны өңірде дәстүрлі түрде өткізіліп келеді және биыл ХІІ мәрте ұйымдастырылып отыр. Бұл – жастардың әскери дайындығын шыңдап қана қоймай, олардың рухани және азаматтық жауапкершілігін арттыратын бірегей жоба.
2025 жылы Мемлекет басшысының қатысуымен өткен халықаралық «Айбын-2025» жиынында Қызылорда облысының командасы бақ сынаған 50 команда арасынан үздік нәтиже көрсетіп, жалпы есепте IV орынды иеленді.
Бүгінгі жарысқа мектеп оқушыларынан құралған 9 команда, жалпы саны 120 жас сарбаз қатысты. Жарыс бағдарламасы 9 бағыт бойынша өткізілді. Барлық кезеңдер бойынша ең жоғары ұпай жинаған команда жеңімпаз атанып, Сыр өңірінің намысын халықаралық «Айбын-2026» жиынында қорғауға мүмкіндік алады.
Іс-шара барысында сөз алған облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов жастарға сәттілік тілей отырып, әскери-патриоттық тәрбиенің маңыздылығын атап өтті.
- Бүгінгі таңда әскери-патриоттық тәрбие – мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі. Себебі елдің қорғаны да, болашағы да – білімді, тәртіпті, рухы биік, еңсесі тік, жігері мықты өрен жастар. Даңқты қолбасшы, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы: «Отан үшін отқа түс — күймейсің» деген.
Бұл нақыл сөздің мәні өте терең. Елге қызмет ету — әр азамат үшін қасиетті борыш. Нағыз патриоттық — тек сөзбен емес, іспен дәлелденетін ұлы қасиет.
Бүгін сапта тұрған әрбір жас өрен өздерінің табандылығы мен жауапкершілігін, білім деңгейі мен әскери даярлығын жоғары деңгейде танытады деп сенемін. Осындай тағылымы мол іс-шаралар арқылы біз тек әскери машығы қалыптасқан жас буынды ғана емес, ел мүддесіне адал қызмет ететін, отансүйгіштік рухы жоғары, парасаты биік, жан-жақты дамыған азаматтарды тәрбиелеудің маңыздылығын тағы бір мәрте айқындай түсеміз. Бабы мен бағы келіскен өңіріміздің жас сарбаздарына жарқын жетістік тілеймін! – деді Руслан Мұхамедәліұлы.
Сондай-ақ іс-шара барысында қатысушыларға «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық бірлестігінің төрағасы, сала ардагері Мыңділдә Ршауов бата беріп, ізгі тілегін жеткізді.
Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, подполковник Жасұлан Шанкұлов жас сарбаздарға сәттілік тіледі.
Жарыстың қорытындысы бойынша III орынды Жаңақорған ауданы, II орынды Арал ауданы иеленсе, I орынды Қызылорда қаласының командасы жеңіп алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар, кубоктар, дипломдар, Алғыс хаттар және қаржылай сыйлықтар табысталды.
15 мамыр 2026 ж. 39 0