«AMANAT AI SKILLS»: ЖАСТАР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІ МЕҢГЕРУДЕ
Жаһандық технологиялық төңкеріс пен жасанды интеллект (ЖИ) заманында ақпараттық сауаттылық уақыт талабына айналды. Бүгінде әлемдік еңбек нарығында ең жоғары сұранысқа ие мамандықтардың барлығы дерлік цифрлық дағдылармен тығыз байланысты. Ол туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында: «Біздің ұлт ретінде бәсекеге қабілеттілігіміз және егемендігіміз осы технологияны қалай пайдаланатынымызға қарай анықталады. Мен жуырдағы Жолдауымда алдағы үш жыл ішінде Қазақстанды толық цифрлық елге айналдыру жөнінде стратегиялық мақсат қойдым. Жасанды интеллект осы трансформацияның қозғаушы күші болуға тиіс. Бұл орайда әлемдегі немесе аймақтағы көшбасшылық туралы сөз қозғалып отырған жоқ. Басты мақсат – Қазақстанды озық, өркениетті елге айналдыру. Көптеген жетекші елдер жасанды интеллектіні XXI ғасырдың стратегиялық ресурсы ретінде мойындады және оны дамытуға қомақты қаржы бөліп отыр. Мысалы, Қытай «ЖИ +» (AI+) атты мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда. Оның аясында жасанды интеллект технологиясын экономикаға, ғылымға және әлеуметтік салаға кешенді түрде интеграциялау көзделген. Ал Құрама Штаттар аталған салада дүние жүзі бойынша көш бастауды мақсат тұтады. Соған сәйкес стратегиясын іске асыра бастады. Бұл фактілер әлемде мүлдем жаңа даму парадигмасы қалыптасып жатқанын көрсетеді: жаһандағы технологиялық бәсекенің негізгі факторы – жасанды интеллект. Қазақстан бұл үдерістен тыс қала алмайды» деп баса айтқан болатын.Осы орайда, еліміздің түкпір-түкпірінде жастардың заманауи білім көкжиегін кеңейтуге бағытталған іргелі жобалар қолға алынуда. Соның жарқын көрінісі ретінде ауданда жаңа серпін алған, аймақ жастарының брендіне айнала бастаған бірегей бастаманы айтуға болады.
Арал ауданында цифрландыру бағытындағы жүйелі жұмыстар жаңа сатыға көтерілді. Жақында Арал аудандық Жастар ресурстық орталығының жанынан «Aral AI Hub» жобасы ресми түрде іске қосылып, өңір тарихындағы цифрлық дамудың жаңа парағын ашты. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл мен қала жастары арасындағы цифрлық теңсіздікті жою, жасанды интеллект технологияларын кеңінен насихаттау, жастардың заманауи дағдыларын қалыптастырып, оларды жаңа мүмкіндіктерге бағыттау. 2026 жылдан бастап тұрақты жұмыс істей бастаған бұл орталық бүгінде жүздеген жастың басын қосқан инновациялық алаңға айналып үлгерді.
Жоба аясындағы алғашқы ауқымды қадам «AMANAT» партиясымен бірлесіп ұйымдастырылған «AMANAT AI SKILLS» арнайы оқу курсы болды. Үш күнге жоспарланған бұл қарқынды (интенсивті) білім беру бағдарламасы құрғақ теориямен шектелген жоқ. Курс қатысушылары жасанды интеллектінің қыр-сырын, оның жұмыс істеу алгоритмдерін түсініп, күнделікті өмір мен кәсіби қызметте тиімді қолданудың жолдарын практика жүзінде меңгерді.
Оқу барысында жастар цифрлық әлемнің ең өзекті трендтерімен танысты:
Оның ішінде, қатысушылар «Vibe coding» тәсілі арқылы бағдарламалаудың күрделі кодтарына терең бойламай-ақ, жасанды интеллектінің көмегімен қысқа уақытта идеяны дайын өнімге айналдыру форматын және жаңадан бастап заманауи, функционалды веб-парақшаларды құрастыруды да үйренді. Білім беруге арналған ЖИ платформалары – мұғалімдер мен студенттердің жұмысын жеңілдететін, сабақ жоспарын құруға және контент дайындауға арналған құралдар. Ал чат-боттар жасау бизнес пен әлеуметтік салаға қажетті автоматтандырылған көмекшілер іспетті.
Бұдан бөлек, қазіргі креативті индустрияның ажырамас бөлігі саналатын цифрлық контент әзірлеу, заманауи дизайн, бейнемонтаж және медиа саласы да кеңінен қамтылды. Курсқа қатысқан 110-нан астам жас өздерінің шығармашылық идеяларын нақты стартап немесе медиа жобаларға айналдыру мүмкіндігіне ие болды.
Жоба жетекшісі, белсенді жас Айдос Маратов Арал жастарының әлеуеті мен ЖИ технологияларының болашағы туралы:
– Қазіргі таңда жасанды интеллект – бүгінгі күннің басты құралы. Көптеген адам жасанды интеллект бізді жұмыссыз қалдырады деп қорқады. Бірақ, шын мәнінде, ЖИ-ді қолдана алмайтын адамдар емес, оны шебер меңгерген мамандар еңбек нарығында озып шығады.
Біз «Aral AI Hub» жобасын қолға алғанда, Арал жастарының жаңа технологиялардан кенже қалмауын мақсат еттік. «AMANAT AI SKILLS» курсының алғашқы нәтижелері бізді қатты қуантты. 110-нан астам қатысушының жаңа нәрсені үйренуге деген құштарлығын сезіндік. Ауылда отырып-ақ әлемдік деңгейдегі өнімді жасауға болатынын жастарға дәлелдегіміз келеді. Біз тек базалық білім беріп қана қоймаймыз, алдағы уақытта осы орталықтан Аралдың атын шығаратын жоғары технологиялық стартаптар мен цифрлық жобалардың шығуына жағдай жасаймыз. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасады, – деп пікірін білдірді.
Аталған бастаманың тағы бір маңызды тұсы – оның жүйелілігінде. «Aral AI Hub» тек оқытумен ғана шектелмейді, сонымен қатар аудан көлемінде жасанды интеллект құралдарын этикалық және тиімді пайдалану бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын да тұрақты жүргізіп келеді. Себебі, технологияның дамуымен қатар цифрлық гигиена мен қауіпсіздік мәселесі де қатар жүруі тиіс.
Арал өңірі десе, көз алдымызға алдымен экологиялық мәселелер мен балық шаруашылығы келетін уақыт артта қалып барады. Бүгінгі Арал – жаңашылдыққа құштар, цифрлық әлемді бағындыруға дайын білімді жастардың мекені. «Aral AI Hub» жобасының іске қосылуы және оған жастардың белсене қатысуы – өңірдегі интеллектуалды әлеуеттің жоғары екендігінің айқын дәлелі.
«AMANAT» партиясының қолдауымен басталған серпінді жоба алдағы уақытта да ауқымын кеңейте бермек. Заман ағымынан қалмай, технология көшін бастауға талпынған жастардың болашағы жарқын болғай демекпіз.
Г. САҚТАПОВА










