Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жазғы лагерь – бала дамуының маңызды алаңы

Жазғы лагерь – бала дамуының маңызды алаңы

Жаз мезгілі – балалар асыға күтетін ең қызықты әрі көңілді кезеңдердің бірі. Үш айлық демалыс уақытында оқушылар тек тынығып қана қоймай, жаңа орта тауып, достарымен уақыт өткізіп, өздерінің шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытады. Осы орайда Арал ауданында 2026 жылғы жазғы демалысты ұйымдастыру жұмыстары қарқынды түрде қолға алынып отыр. Биыл аудан бойынша мыңдаған баланы қамтитын ауқымды жоспар жасалып, олардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысына ерекше көңіл бөлінуде.
Аудандық білім бөлімі ұсынған мәліметке сәйкес, биыл 1–10 сынып аралығындағы 16253 оқушы жазғы сауықтыру және демалыс шараларымен қамтылатын болады. Бұл көрсеткіш балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі екендігін көрсетеді. Жазғы маусымда мектеп жанындағы лагерьлер, түрлі үйірмелер, шатырлы лагерьлер, этнолагерьлер, экскурсиялар мен сауықтыру орталықтары өз жұмысын жүргізеді.
Балалардың ерекше қызығушылығын тудыратын орындардың бірі – «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы. Биыл бұл орталықта VII ауысым бойынша 832 бала демалады деп жоспарланған. Алғашқы ауысым 1 маусым күні басталып, оған 130 бала қабылданады. Мұнда балалар тек тынығып қана қоймай, білімдерін жетілдіріп, түрлі мәдени-спорттық шараларға қатысады. Әсіресе табиғаты көркем Қамбаш көлінің жағасындағы демалыс балалар үшін ұмытылмас әсер сыйлайтыны анық.
Сонымен қатар аудан аумағындағы барлық 48 мектеп жанынан күндізгі лагерьлер ашылады. Он күндік лагерь барысында 2635 бала ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұл лагерьлерде оқушылар түрлі ойындарға, спорттық жарыстарға, өнер сайыстарына және танымдық іс-шараларға қатысады. Ал ыстық тамақсыз лагерьлер мен үйірмелерге 6130 бала қамтылып, олардың қызығушылықтарына сәйкес жұмыстар жүргізіледі. Әр мектеп балалардың бейіміне қарай қолөнер, сурет салу, би, ән, спорт және кітап оқу бағытындағы үйірмелер ұйымдастырады.
Жазғы демалыстың маңызды бағыттарының бірі – балалардың қауіпсіздігі. Осыған байланысты білім беру мекемелерінде арнайы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Балаларға судағы қауіпсіздік ережелері, өрттің алдын алу, жол-көлік оқиғаларынан сақтану және тағамнан уланудың алдын алу жолдары түсіндірілді. Ата-аналарға да арнайы ескертулер беріліп, жауапкершілік мәселесі назарға алынды.
Сәуір және мамыр айларында аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен бірлескен семинарлар өткізді. Семинар барысында лагерьлерде балалардың қауіпсіз демалысын ұйымдастыру, сапалы тамақтандыру және медициналық көмек көрсету мәселелері кеңінен талқыланды. Мұндай шаралар балалар денсаулығын сақтау бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.
Жазғы демалыс кезінде балалардың тарихи-танымдық саяхаттарға шығуына да ерекше мән беріліп отыр. Биыл демеушілер мен ата-аналардың қолдауымен 817 бала Қызылорда қаласына, Қорқыт ата кешеніне, Түркістан қаласына және өзге де тарихи орындарға саяхат жасайды деп жоспарлануда. Мұндай экскурсиялар балалардың туған жер тарихына деген қызығушылығын арттырып, рухани дүниесін байыта түседі.
Аудан бойынша 10 мектепте шатырлы лагерь ұйымдастырылып, оған 140 бала қатысады. Табиғат аясындағы мұндай лагерьлер оқушыларды төзімділікке, ұйымшылдыққа және еңбекқорлыққа тәрбиелейді. Сонымен қатар 28 мектепте этнолагерьлер өткізіліп, оған 295 бала қамтылады. Этнолагерь барысында оқушылар қазақ халқының салт-дәстүрлерімен, ұлттық ойындарымен және мәдени мұрасымен жақынырақ танысады.
10-сынып оқушылары үшін еңбек лагерьлері де ұйымдастырылмақ. Бұл лагерьлерге 1170 бала қатысып, еңбекке баулудың түрлі бағыттарымен танысады. Ал аудан көлеміндегі экскурсияларға 1480 бала қатысады деп жоспарланған. Сонымен бірге мектеп жанындағы спорттық аула клубтары жұмыс жасап, оған 1760 бала тартылады. Бұл балалардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жазғы лагерь – тек демалыс орны ғана емес, балалардың жаңа ортаға бейімделіп, достар тауып, өз қабілеттерін дамытуына ықпал ететін ерекше тәрбие мектебі. Мұнда әр бала өз қызығушылығына сай бағыт тауып, есте қаларлық сәттерге толы күндерді өткізеді. Балалардың шат күлкісі мен көтеріңкі көңіл-күйі – ұйымдастырылып жатқан жұмыстардың басты нәтижесі.
Арал ауданында ұйымдастырылып отырған биылғы жазғы демалыс маусымы балалар үшін қызықты әрі пайдалы өтетіні анық. Осындай ауқымды жұмыстардың арқасында оқушылар жазғы уақыттарын тиімді пайдаланып, жаңа оқу жылына сергек көңіл-күймен оралмақ.
Бақдаулет ҚҰРМАНҒАЗИЕВ
Қорқыт-Ата атындағы Қызылорда университетінің
1-курс студенті
30 мамыр 2026 ж. 31 0