Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Қызылорда облысы бойынша әскери тергеу департаментінің қатысуымен, Арал аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде арнайы жиналыс өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты – заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілік қағидаларын кеңінен насихаттау болды. Жиналыс барысында қатысушыларға «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының маңызы жан-жақты түсіндірілді. Елдің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде заң үстемдігінің орны ерекше екендігі атап өтілді. Сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен міндеттері, мемлекеттік қызметтегі әдеп нормалары, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидалары жөнінде кеңінен сөз қозғалды.Кездесу барысында тәртіп пен жауапкершілік әрбір азаматтың күнделікті өмірлік ұстанымына айналуы қажеттігі айтылды. Себебі заңға құрмет – мемлекетке деген құрметтің көрінісі. Қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылық, елдің өркендеуі мен халықтың әл-ауқаты ең алдымен заң талаптарының мүлтіксіз орындалуына байланысты.Сонымен қатар қатысушылар арасында ашық пікір алмасу ұйымдастырылып, құқықтық тәртіпті нығайту бағытындағы ұсыныстар талқыланды. Жиналысқа қатысушылар заң талаптарын сақтау әрбір азаматтың борышы екенін атап өтіп, қоғамда әділдік пен жауапкершілік құндылықтарын дәріптеудің маңыздылығына тоқталды. Бүгінде «Заң мен тәртіп» қағидаты тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндетіне айналуда. Осы бағыттағы түсіндіру және насихаттау жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады. Заң үстемдік құрған жерде әділдік орнайды, тәртіп сақталған жерде тұрақтылық пен даму болады. Сондықтан әрбір азамат заңды құрметтеп, қоғамдық тәртіпті сақтауға өз үлесін қосуы тиіс
НҰРАДДИН САҒЫНДЫҚ,
ҚР ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери тергеу басқармасы Қызылорда тобының
АМІЖ аға жедел уәкілі