Сыр журналистикасының серкесіне құрмет
Сыр өңірінің журналистика мектебі өзінің өрелі өрнегімен, өткір тілді, ұшқыр ойлы саңлақтарымен әрдайым ерекшеленіп келеді. Осындай қаламгерлер қатарында қысқа ғұмырында өзіндік қолтаңбасын қалдырып, ақиқаттың ақ жолынан таймаған белгілі журналист Сағитжан Бермағанбетовтің орны бөлек. Кәсіби мереке қарсаңында ақпарат саласы ардағының есімін ұлықтап, руханият пен спортты ұштастырған шағын футболдандәстүрлі турнир өткізді.Биыл үшінші мәрте жалауы желбіреген шара аймақтың медиа өкілдерін бір алаңға жинады. Турнирге республикалық Бұқаралық ақпарат құралдарының аймақтағы меншікті тілшілері, облыстық, қалалық және аудандық газет-журнал, телеарна қызметкерлері мен облыстық қоғамдық даму басқармасының мамандары қатысты. Намысты додада «Qyzylorda TV», «Қаламгер», «Сыр Медиа», «Сыр бойы» жіне «Даму United» командалары бақ сынады.
Турнирдің басты мақсаты – қарымды қаламгер Сағитжан Бермағанбетовтың есімін ұлықтау. Сонымен қатар, қалам ұстаған қауым арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады.
Салтанатты ашылу рәсіміне облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, «Qyzylorda» телеарнасының директоры Нұрбек Әмиша және Сағитжан Бермағанбетовтің асқар тау әкесі мен аяулы анасы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Өз сөзінде облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов БАҚ өкілдерін алда келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтап, бұл турнирдің маңыздылығына ерекше тоқталды:
– Баршаңызды алда келе жатқан Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Биыл аймағымызда үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған белгілі журналист, ұшқыр ойлы, өткір тілді, халқының сүйікті перзенті Сағитжан Бермағанбетов атындағы дәстүрлі шағын футбол турнирінің орны ерекше.
Сағитжан ағамыздың парасатты пайымы, қоғамдағы өзекті мәселелерді батыл көтеретін өткірлігі, елдік мүддені бәрінен жоғары қоятын азаматтық ұстанымы көпшілікке үлгі болды. Жас болса да жалынды сөзімен, шынайы болмысымен халықтың ықыласына бөленген арда азаматтың есімін ұлықтау – кейінгі буын үшін үлкен өнеге.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігіне әрдайым жоғары баға беріп келеді. Өйткені шынайы ақпарат пен әділ сөз – қоғамның тұрақтылығы мен дамуының басты кепілі. Сіздердің ел бірлігі мен қоғам тұрақтылығы жолындағы еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағалана береді. Бүгінгі доп додасында мықтылар анықталып, жанкүйерлер керемет әсерге бөленеді деп сенемін, – деді Руслан Мұхамедәліұлы.
Жасыл алаңда өткен тартысты ойынның қорытындысы бойынша І орын республикалық БАҚ-тың аймақтағы меншікті тілшілерінен құралған «Қаламгер» командасына бұйырды. Шеберліктерімен оқшауланған «Сыр Медиа» ұжымы тұғырдың ІІ сатысына көтерілсе, үздік үштікті облыстық қоғамдық даму басқармасының «Даму United» құрамасы түйіндеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубоктар, дипломдар, қаржылай сыйақылар мен естелік сыйлықтар салтанатты түрде табысталды.
Сондай-ақ жекелеген ойыншылардың шеберлігі де жоғары бағаланды. Атап айтқанда, жергілікті ақпарат саласының өкілдері «Сыр бойы» командасының ойыншылары Мақсұт Ибрашев «Үздік қақпашы» атанса, Болат Қожахметов «Үздік ойыншы» номинациясын иеленді. «Qyzylorda TV» командасының мүшелері Бауыржан Қожамұратов «Үздік қорғаушы», Ержан Батыршаев «Үздік шабуылшы» атанды.
Сыр журналистикасының жарық жұлдызы болған Сағитжан Бермағанбетовтің атындағы дәстүрлі турнир алдағы уақытта да өз өміршеңдігін дәлелдеп, жас қаламгерлерді отаншылдыққа, кәсібилікке және саламатты өмір салтына тәрбиелейтін маңызды шара ретінде жалғасын таба бермек.
«Толқын» ақпарат









