Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балықшының бақыты

Балықшының бақыты

Аралдың айбынды аруы, Социалистік Еңбек Ері Ұштап Өтеулиева туралы кезінде қазақтың қарымды қаламгері Шерхан Мұртаза көркем очерк жазғанын көнекөз кісілерден еститін едік. Бірақ қаншама іздесек те сол туынды қолға түспеген. Енді міне, Сапақ бекетіндегі №69 орта мектептің 10-сынып оқушысы Шолпан Нағымет ғылыми жоба дайындау мақсатында ұстазы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақнұр Нұрғазиеваның жетекшілігімен атақты балықшы апамыз туралы Ш.Мұртазаның қаламынан туындаған «Балықшы бақыты» атты очеркін тапқан екен. Очерк «Социалистік Қазақстан» газетінде 1960 жылы 7 сәуірде жарияланған.
Жас талапкер Шолпан Нағымет осынау ғылыми жобасымен аудандық байқауда топ жарыпты.
Бүгін біз осы очеркті өз оқырмандарымызға ұсынуды жөн көрдік.
Күн демалыс еді. Таңертең аяз күшті болды. Күн жарқырап, аспан ашық болып тұрса да, жаламыр суық бар. Осыған қара­мастан комбинатқа адамдар жиналып жатыр.
-Ау, жолдастар, гүл табың­дар, қалайда гүл табыңдар,-комбинат директорының орын­басары Бәйімбетов Мырзалы. Өзі шаттанып тұр.- Гүлмен қар­сы алмаса болмайды!
-Сіз де қайдағы жоқты айта­сыз, Мырзеке. Аралдан қазір гүл табылар ма еді?! Аралда не жоқ? Бәрі бар. Тек гүлге ғана мұқтаж­быз ғой,-деп жігіттер қапаланғандай болып қалды.
-Қағаз гүл болмас па екен?-деп біреу абайлап өз ұсынысын айтты.
- Қой, қағаз гүл де болушы ма еді?-деп оны біреу тиып тас­тады.
Телефон шылдырады. Дирек­тордың орынбасары тыңдап еді, комбинат директоры Тұрмағам­бетов жолдас:
-Дайын болдыңдар ма?-деп асықтырып телефон соғып тұр екен,
-Дайынбыз,-деді орынбасар.
Күн демалыс болса да комби­нат қызметкерлері мен жұмыс­шылары тез жиналып қалып еді. Қызыл ту көтерген, барабан соқ­қан бір топ пионерлер де бар.
-Автобусқа!-деп команда берді орынбасар Бәйімбетов.
Бәрі де вокзал басына асығыс аттанды.
Бұл кезде Москва-Алматы поезды Сексеуіл станциясынан өтіп, Аралға қарай арқырап келе жатыр еді. Үшінші вагонда келе жатқан Ұштап Өтеулиева келесі станциядан түсуге дайындалып отырды.
Ақ бұйра дала ағылып артта қалып барады. "Біздің жаққа да қар қалың жауып қалған екен-ау" деді ішінен Ұштап терезеден сыртқа қарап.
Ауылдан шыққалы небәрі оншақты күн. Бір жағынан осы он күн зымырап өте тез өтіп кеткен сияқты да, бір жағынан жолда көп жүріп, туған Аралды қатты сағынып қалған сияқты.
«Теңіздің мұзы әлі көшпеген екен ғой. Былтыр осы уақыттан сәл кешірек ашық теңізге шығып едік деді» Үштап өзіне өзі.
Ұштап Аралдың жағасында туып-өсті. Оның әкесі Төребай да, Төребай қарттың ата-бабала­ры да осы Аралдан балық аулап, күн көрген адамдар. Әкесі Төре­байдың қалтылдаған қу қайыққа мініп, теңіздің кіші-гірім қой­нау­ынан балық аулайтыны Ұш­таптың есінде еміс-еміс бар. Ол кезде ол тұлымы желпілдеп жүгі­ріп жүрген бала еді ғой.
Ол сонда әкесінің ашық теңіз­ге шығуға бата алмай, қойнау-қолтықтардан ұзап кетпей жүр­генін көріп, көз жетер жердің бәрі жылтыраған айдынды шолып, "одан әрі не бар екен, теңізді еркін аралап жүзсе қайтер екен?" деп ойлана беруші еді.
Осы ойы оны мазалап көкей­інде көпке дейін жүрді.
Кейін өзі де балық аулай бас­тады. Ал оның нағыз балық­шылық өмірі 1935 жылдан бас­тал­ды. Ол балық аулап, балық тазалап, балық тоңазытқыш комбинатта істей бастағанына биыл міне, аттай ширек ғасыр толады.
Жиырма бес жыл бойы ерлер­ше білек сыбанып, ау салып, жылым тартып, көк теңіздің төсінде құлаш ұрған Ұштаптың қолы күшті де, күсті де.
Поездың арқырап алып ұшқан сарыны қуаныштан дүрсілдей соққан жүрек ырғағына сай тәрізді. «Келіп қалдық па екен?» деп Ұштап терезеден үңіле қарайды. Әне, рейдте тұрған кемелердің ұзын діңгектері де көрініп қалды. Кемелер, баржа­лар, катерлер қазір мұз құрсау­ында тұр. Енді көп кешікпес, бұлар көк теңіздің айдынын қақырата тіліп, артта ақ көбік қалдырып, су жазирасына өріп шығады.
Бірақ бұл сап түзеп тұрған кемелердің ішінде Ұштаптың баржасы жоқ. Ол қазір Аралдың алыстағы түкпірінде Ұялы деген жерде тұр. Марттың орта шенін­де Арал теңізінің солтүстігінде мұз қатып жатқанымен, оңтүсті­гінде, Ұялы жақта мұз көше бас­тады. Теңіз тілімен айтқанда, оңтүстік бөлікте навигация басталды. Ұштаптың Москвадан оралуын асыға күтсе де, оның бригадасындағылар көктемнің әрбір күнін, сағатын бос жібер­мейік деп, кеше самолетпен Арал қаласынан Ұялыға ұшып кетті.
Ол баржа былтыр дәл осы уақыттан сәл кешірек Арал суына тұңғыш рет түсірілді. Ол тек баржа ғана емес, жүзіп жүретін завод сияқты. Бір жолғының өзінде бортына 100 тоннаға дейін балық қабылдап, ол балықты сұрыптап, жас ет күйінде мұз­дататын осы баржада жұмыс істеуге ә дегенде жұрт жүрексінді де. Аралда бұл жаңалық еді. Жаңа техниканы игеріп кете беру оңай емес. Сондықтан алғашқы айлар­да бұл балық мұздатқыш баржада жалақының аз болуы да ықтимал. Ә дегенде талапкер табылмады.
-Баржаға өз мүддесінен гөрі көп мүддесін көздеген адам бара­ды,-деді өндірістік кеңестің кез­екті мәжілісінде комбинаттың сол кездегі бас инженері Байділда Жиенбаев.
-Бізге теңізден уақытша ром­ан­тика іздеген адам керек емес, бізге қиыншылықтан қашпай­тын­дар керек.
Сонда өзі 1946 жылдан бас­тап істейтін жағадағы тоңазыту цехын тастап, Ұштап Өтеулиева бірінші болып баржаға жұмысқа тіленіп барды. Сондықтан оны аралдықтар: Аралдың бірінші Гагановашысы деп атайды. Ұш­тап он екі адамнан құралған бригаданы басқарды. Бұл бри­гада жүзіп жүретін заводта жұмыс істеді.
Өткен жылдың қысы кетіп, теңіз мұздан тазаланған кезде балық мұздатқыш осы баржа теңізшілердің штабындай болды. Балықшылардың қайықтары жан-жақтан ағылып келіп жатты, тонна-тонна балықты баржаға өткізіп жатты.
Баржаның балық сұрыптап, мұздататын цехы трюмда орна­ласқан. Жазды күні шілдеде Аралда ыстық отыз градус болса, трюмда мұздатқыш цехта отыз градустық суық болып тұрады. Цехтың ішін қалың ақ қырау басып жатады. Міне, осы жағдай­да баржада, ашық теңіз үстінде айлар бойы жұмыс істеу- нағыз ерліктің өзімен бара-бар. Әсіресе, жазғытұрым мұз бұзылған кезде жұмыс ауырлай түседі. Бірақ, Ұштап бастаған бригада бұған қиналмайды, қуанады. Бұл кез­дерде баржаға балық көп түседі. Ұштапқа салса, ол қатарынан күн-түн демей жұмыс істей беруге бар, тек балық көп болсын. Байлық көп болса ел байлығы да көп.
Былтыр ерте көктемде ашық теңізге шығып, өнім бере бастаған "РМБ-1" баржасы мұз қатып қыс түскенше жағаға жақындамады. Тамақ, тұщы су, газет, журналдар тағы басқа керек-жарақтар бар­жаға катермен жеткізіліп тұрды.
Арал жайдары. Арал жайдар­ыланған шақта майда толқындар бірін-бірі қуалап, бірімен бірі жарысып, дөңгелек шеңбер атып, құмдақ жиекті аймалай соғып жатады. Теңіз беті күн сәулесіне шағылысып майда ақ көбік сансыз ақықтай болып көрінеді. Теңіз бетін теңбілдендіріп, лай­саң сызықтар топтанып жүзіп жүреді. Бұл үйір-үйір балықтар. Балықшылар тілінде оны лай дейді. Олар осы "лайды" іздеп, жылым тастап, теңіз бетін шарлап жүреді.
Мұндай жайдары күндері баржаның капитан-директоры Шүкір Мақамбетов алақанын уқалап, рахаттанып, жұмыс­шыларға қарап: "майлансынды" көп айтады. Кім біледі, жергілікті ақын:
"Аралдың мініп алсаң кемесіне,
Дүниенің шыққандайсың төбесіне" деп осындай әсерді бір күндері жазған шығар. Ондай жайма шуақ күндері алыстан қылаң беріп жиек көрініп жатады, Арал суы аймалаған Ұштаптар осындайда шынында да, "дүние­нің төбесіне шыққандай" болады. Өйткені, олар күнбе-күн мыңда­ған пұт балықты баптап, бел­гіленген тапсырманы екі еседен кем түсірмей, артығымен орын­дайды.
Міне, осы бір сәттерде Ұш­таптың есіне өз әкесі түседі. Оның қалтылдаған қу қайығын көз алдына елестетеді. Өткенді еске алып, қазіргі көргеніне масаттанады. Асау Аралды қақ жарып, маңғаз жүзген құрыш кемеде жұмыс істегеніне шат­танады. Осыдан кейін ол тап­сырманы қанша артығымен орындаса да, өзіне олқы көрі­неді. Ұштап жаңа жеңістерге жеткісі келеді.
Кейде Арал ашушаң. Балық мұздатқыш баржаға керекті заттарды жағадан жеткізіп тұратын кіші-гірім катерді былай қойғанда, үлкен-үлкен пароходтардың өзін допша лақтыратын таудай-таудай толқынды дүлей дауылдары болады.
Міне, осындай кездерде жағалаумен қатынас үзіліп қалады. Қиыншылыққа шыда­май әлсіреген адамдар болса, ондайлар әрдайым Ұштаптың көмегін көреді. Балықты түр- түріне қарай бөліп, сұрыптап, мұздатудың шебері осы Ұштаптың тәжірибесінен талай жастар үйреніп шықты. Ерлі-зайыпты Елемесовтер, Рая Марқайдарова, Катя Неркова және басқалары Ұштаптың шәкірттері. Гагановашы Ұштап Өтеулиева бастаған бригада өз жұмыс нормасын 150-200 процент­тен кем орындаған емес.
Елге қызмет еткен ер еңбегі елеусіз қалмайды. Жуырда өткен 8-март мерекесінде Аралға қуанышты хабар жетті. Арал балық тоңазыту комбинатының балық мұздатқыш баржасының аға мастері Өтеулиева Үштапқа СССР Жоғарғы Советі Прези­диу­мының Указы бойынша Социалистік Еңбек Ері деген құрметті атақ берілді.
Осы аса зор атақпен қоса тапсырылған награданы "Орақ пен балға" алтын медалі мен Ленин орденін алып қайту үшін және 8-март мерекесін астанада қарсы алу үшін Ұштап Москва­ға барып, қайтып келе жатқан беті осы еді.
Ал, комбинат коллективі демалыс күні таңертең жиылып, вокзал басына асығыс аттан­ғанда, міне, осы коллективтің даңқты мүшесі Ұштап Өтеулие­ваны карсы алуға бара жатқан болатын. Директордың орынба­сары Бейімбетов жолдастың гүл іздетіп жүргені де осы себепті еді. Рас, гүл табылмады. Бірақ, гүл орнына пионерлер ұсынған қызыл галстук, қарсы алған ең­бектес серіктерінің жайнаған жүзі Ұштап үшін гүлден қымбат көрінді.
Бүкіл комбинат алдымнан шығады деп Ұштап ойламап еді. Ол мұншама құрмет күткен жоқ. Ол тек: "Мен де көптің бірімін. Жұрттан асып ерекше ештеңе істей қойған жоқпын" деп ой­лады. Ол коллективте өсті. Жи­ыр­ма бес жыл ұдайы көппен бірге еңбек істеді. Халыққа жи­ырма бес жыл қалтықсыз қызмет етті. Осы сирек ғасыр ішін­де Ұштаптың қолынан мыңда­ған тонна Арал балығы шықты.
Енді міне, Москва-Алматы жүйрік поезынан түсе бере, мына өз семьясының, өз коллек­тивінің адамдарына қуанғаны­нан не айтарын білмей, бақыт­тылықтан бал-бұл жайнап тұр. Оны бақытты еткен - ұлы Отаны, оны бақытты еткен - еңбек. Ол енді еңбек атты ұлы жорықтың әрдайым алдыңғы сапында болу­ға серт беріп, асау теңізге асығулы.
Шерхан Мұртазаев, "Социалистік Қазақстан",
7 апрель 1960 жыл.
13 шілде 2026 ж. 71 0