Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Электр желісін жаңарту – қуаттылықты арттырды

Электр желісін жаңарту – қуаттылықты арттырды

Арал ауданында электр энергетикасы саласын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Электр энергиясының тұрақты берілуі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігімен қатар, әлеуметтік нысандар мен кәсіпкерлік орындардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін аса маңызды.
«Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» акционерлік қоғамының Арал аудандық филиалының теңгерімінде 1,9 мың шақырым электр желісі, 217 қосалқы станция, 5 орталық тарату пункті және 26 900 электр бағанасы бар. Алайда желілердің басым бөлігі 1970–1980 жылдары салынған. Соның салдарынан электр желілерінің тозу деңгейі 65 пайызға жетіп отыр. Әсіресе қолайсыз ауа райы кезінде ескірген желілерге байланысты электрмен жабдықтауда ақаулар орын алуы мүмкін.
Осы мәселені шешу мақсатында Арал қаласының электр желілерін жаңғырту жұмыстары 2025 жылы басталған болатын. Қазіргі таңда жұмыстар аяқталуға жақын. Жобаның құны – 722,3 млн теңге. Жаңғырту нәтижесінде электр желілерінің сенімділігі артып, қала тұрғындарын электр энергиясымен қамту сапасы жақсарады.
Аудан бойынша тағы бір маңызды жоба Шижаға елді мекенінде жүзеге асырылды. Құны 489,1 млн теңгені құрайтын электр желілерінің құрылысы толық аяқталды. Бұл жоба елді мекендегі электрмен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Сексеуіл кентінде де электр инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары қолға алынуда. Кенттің электр желісін кеңейту және жаңадан ашылған мөлтек ауданға электр желісін жүргізу үшін облыстық бюджеттен 1,3 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл жаңа тұрғын аймақты қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Абай, Қаратерең және Аралқұм елді мекендерінің электр желілерін қайта жаңғырту жобаларының құжаттамалары толық әзірленіп, сараптамадан өткізілуде. Оң қорытынды алынғаннан кейін аталған жобаларды қаржыландыру мәселесін шешу бағытында жұмыстар жүргізілетін болады.
Электр энергетикасы – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі тіректерінің бірі. Сенімді электр желісі тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, кәсіпкерліктің дамуына, әлеуметтік нысандардың тұрақты жұмысына және жаңа тұрғын аумақтардың игерілуіне мүмкіндік береді.
Арал ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалардың барлығы бір мақсатқа – тұрғындарды сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге, электр желілерінің сенімділігін арттыруға бағытталған. Бүгінгі жаңғырту жұмыстары – ауданның энергетикалық инфрақұрылымын нығайтып, болашақтағы тұрақты дамуға берік негіз қалыптастыратын маңызды қадам.
Н. БАҚЫРАН
19 тамыз 2026 ж. 46 0