Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Блогер Жақсықылыштағы жағдайды тексеріп, әлеуметтік желідегі ақпаратқа түсініктеме берді

Блогер Жақсықылыштағы жағдайды тексеріп, әлеуметтік желідегі ақпаратқа түсініктеме берді

Kyzylorda-news.kz Қазақстандық блогер Ерсұлтан Байжанов әлеуметтік желілерде Жақсықылыш кентіндегі жағдайды «экологиялық апат» деп атап, оны «Аралтұз» АҚ қызметімен байланыстыратын бейнероликтер тарағаннан кейін Арал ауданындағы елді мекенге арнайы барды.
Байжанов жағдайды өз көзімен көріп, мән-жайды анықтауды шешкен. Ол әлеуметтік желілердегі жарияланымдарда көрсетілген жерлерді аралап, «Аралтұз» кәсіпорнының өндіріс орнында болды және тиісті құжаттармен танысты.
Негізгі мәселелердің бірі Жақсықылыштың тұрғын үйлер орналасқан бөлігіне жақын жердегі суға қатысты болды. Бұған дейін тараған бейнероликтерде бұл судың пайда болуы кәсіпорынның өндірістік төгінділерімен байланысты болуы мүмкін деген пікір айтылған.
Алайда блогер бұл жерде орналасқан су айдынының шығу тегіне назар аударды.
«К. Байсейітова көшесінің жанындағы су айдыны – табиғи тұзды көл. Мұны Жақсықылыш кентінің әкімдігі ресми түрде растайды. Оның үстіне, кент аумағында жеті табиғи тұзды көл бар. Бұл – осы жердің табиғи ерекшелігі», – деді Байжанов.
Сонымен бірге ол бұл жағдай ірі өндіріс орнының айналасындағы экологиялық ахуалды бақылаудың қажеті жоқ дегенді білдірмейтінін атап өтті.
Блогер приехал в Жақсықылыш проверить заявления об «экологическом бедствии»1.jpg
Блогердің пікірінше, өнеркәсіптік төгінділер туралы мәлімдемелер нақты дәлелдермен – су сынамалары, зертханалық талдау нәтижелері және мамандардың қорытындыларымен расталуы керек.
«Кәсіпорынның жанындағы суды көрсетіп, оны зауыт төкті деген қорытынды жасауға болмайды. Егер өнеркәсіптік төгінді туралы айтатын болсақ, оған нақты деректер: сараптама нәтижелері мен мамандардың қорытындылары қажет», – деді ол.
Сапар барысында Байжанов «Аралтұздың» Жақсықылыш үшін маңызына да тоқталды. Кәсіпорын елді мекендегі ірі жұмыс берушілердің бірі саналады. Мұнда мыңнан астам адам еңбек етеді, олардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар.
Компания кент өміріне де атсалысып, мектепке, білім беру жобаларына, спортқа, қоғамдық кеңістіктер мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қолдау көрсетеді.
Сапар соңында Байжанов кәсіпорын төңірегіндегі жағдайды талқылағанда барлық мән-жайды ескеріп, расталған ақпарат пен болжамды бір-бірінен ажырату маңызды екенін айтты.
«Аралтұз» туралы сөз болғанда жағдайға тұтастай қарау маңызды. Қатты мәлімдеме жасамас бұрын сол жерге барып, бәрін өз көзіңмен көріп, фактілерді тексерген дұрыс», – деп қорытындылады Ерсұлтан Байжанов.
Ерсұлтан БАЙЖАНОВ
20 тамыз 2026 ж. 38 0