Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Былғарының тілін білген Бекмұрат

Былғарының тілін білген Бекмұрат

45 жылдай уақыт көз майын тауысып, сүйікті ісінің соңында келе жатқан шебер барын естігеннен сол кісі жайында білуге, жақыннан тануға асықтық. Қоңырау шалып, жұмыс орнын анықтап алып, сонда қарай бер алдым. Шағын ғана шеберхана. Мұнда күн сайын балғаның бірқалыпты дыбысы естіледі. Дәл осы дауыс іздеп келген кейіпкерімізді жаңылмай табуымызға себеп болды. «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем беріп, ішке ендім. Есіктен кірген адамды былғарының, желімнің, жаңа өңделген аяқ киімнің иісі қарсы алды. Мұндай ортаға көп бас сұқпайтын біз үшін бұл таңсық иіс дәл осы мамандықтың өзіне ғана тән белгісіндей көрінгенімен, бұл оларға күнделікті таныс, еңбектің хош иісі еді. Ал төрде өзінің сүйікті құралдарының арасында етікші отырды. Оның алдында – сан түрлі аяқ киім. Бірінің табаны сөгіліпті, бірінің өкшесі мүжіліпті, енді бірінің тігісі ажыраған. Жөндеуді қажет ететін сүйретпеден бастап етікке дейін екінші рет өмір сыйлайтын Бекмұрат аға да үлкендік үлгісін көрсетіп, ұсынған қолымызды қос қолдап алып, «Уағалейкумассалам!» деді де, қарсы тұрған орындықты нұсқап, «кел, кел, төрлет!» деп жатсынбай, жағдай сұраса кетті.
Иә, біз айтып отырған Бекмұрат Жұбанов ағамызды Арал жұрты Бекет деп таниды. Бекет Күнсүгірұлы 1982 жылдың 23 желтоқсанынан бері қолына құрал ұстап, аяқ киім шебері болып еңбек етіп келеді. Сол уақытта қарқыны қатты мекемелердің бірі аудандық тұрмысты өтеу комбинатына жұмысқа алынғаннан бастап әліге дейін әлегі қыруар жұмыстан алыстап көрмеді. Ағаш ұстасы, тігінші, шаштараз, басқа да қажетті мамандар шоғырланған мекемеде 30-дай аяқ киім ұстасы болған.
– Мен бала кезден аяқ киім тазалап, кейіннен тігуге, жөндеуге қатты қызықтым. Одан кейін осы бағытта арнайы білім алдым. Бізге үйреткен шеберлер "кез келген жұмысқа орналаса аласың" деп қолымызға қағазымызды беріп жіберді. Содан бері 18 жасымнан бастап еңбекке араластым. Тұрмысты өтеу комбинатына алғаш жұмысқа Балзия Құлсейітова қабылдады. Ол кезде мекеменің басшысы Әріп Өксікбаев еді, – деген ағамыз Бағдагүл Төремұратова, Әбілбай Сәрсенов сынды өзімен еңбек майданында бірге қайнаған әріптестерінің барлығын жатқа айтып берді.
Алайда уақыт өте мекеме тарап, аумалы-төкпелі заман келді. Мекеме кейін кооператив, ЖШС болып қайта құрылды. Осылардың барлығында табан тайдырмай, етікшілікпен нәпақа тапты. Сол құбылмалы уақытта бұл мекеме түбегейлі жойылып кетпей, оны ұстап қалған Әбілбай Сәрсенов ұстап қалғанын тағы бір мәрте есіне алды. 2020 жылға дейін Әбілбай ұста екеуі ауызбіршілікпен алға басқан. Алайда сол жылы Әбілбай шебер Ақтөбедегі балаларының қасына көшіп барып, сол жақта 78 жасында өмірден өткенін айтқанында жүрек төріндегі қимастығы мен тек әріптес қана емес, өте жақын ағасын жоғалтудағы өкініші жүзінен байқалып қалды.
– Мақтанғаным емес, жұрт мереке күндері көшеге шықса, мен жұмыста болатын едім. Себебі сұраныстың қызатын уақыты сол. Ол кезде жоспар береді. Ең көп көлемдегі жоспарды маған жүктейтін. Әріп аға әскерден де алып қалып отырды. Бірақ 1985 жылы қатарластарымнан кейін болса да Грузияда әскери борышымды өтедім. Арменияға тәжірибе арттыруға оқуға жібереміз дейтін. Әскерден келген соң Грузияда болғанымды естіп, басшымыз "енді 6-7 ай шыдағанда технолог болып келетін едің" деді. Бірақ мен қызықпадым. Маған басшылықтан осы етікшілік өте жақын болды. Әбілбай, Несіпбай, Әбсат ағаларымнан үйренгенімді жетілдіріп, соларды ұстаз тұттым, – деген Бекең, өзі де шәкірт тәрбиелегенін, білгенін үйреткенін айтты. Алайда өте төзімділік пен сабырды қажет ететін жұмысқа көбісі төзбейтінін жасырмай, "4 ұлым бар, 4 келінім, немерелерім бар, бірақ бірде бірі бұл жолды таңдамады, машақатына шыдау оңай емес" – дейді.
Иә, 1965 жылдың 8 сәуірінде дүниеге келген ағамыз бүгінде алпыстан асып, зейнетке жақындаса да бұл жолға қызығушылығы мен еңбекке деген икемі арқылы келгенін айтады. Көбісі етікші деп таныған Бекет Күнсүгірұлы мектеп қабырғасында жүріп тіпті кесте де тоқыған екен. Мұнан бөлек рентген түсіруге арналған қатырмадан талай сувинер мен қолөнер бұйымдарын жасап, сыйлыққа таптырмас дүниелер істеген.
– Халықпен жұмыс істеу бір жағынан қиын. Түрлі адам келеді. Жөнделетін нәрсе болса алып қаламын. Болмаса ашығын айтамын. Аяқ киім дайын болған соң осы жерден киіп көруін сұраймын. Олар еңбегімді ұнатып, қуанып кетсе, менің алған алғысым сол, – деген кейіпкеріміздің еңбегі еленбей қалған жоқ. Марапатқа әбден лайық ұста "Жыл үздігі" атанып, есімі мәңгі өшпеске айналған. Олай деуге қос бірдей кітаптан орын алған. "Арал", "Арал азаматтары" кітабынан орын алуы да сол адал еңбегі мен маңдай терінің арқасы. Кезінде аяқ киім тігу, жөндеу, көнені жаңартумен жан-жақты айналысқан ағамыз бүгінде аяқ киімді кеңітумен де айналысып келеді.
«Өнерлі өрге жүзер» дейді қазақ. Адам баласы тіршілігін еңбегімен көркейтіп отырған. Көнеден келе жатқан етікшілік бір қарағанда қарапайым ғана жұмыс секілді. Алайда етіктің әр тігісінде шебердің маңдай тері, әр қағылған шегесінде өмірлік тәжірибесі бар.
Алтындай уақытын бөлген Бекмұрат ағаға рахметімді айтып, есіктен шықтым. Шеберханадан тағы да сол дауыс естілді. Бір соққы, бір тігіс, бір түйін... Әр дыбыстың астарында бір адамның еңбегі жатыр. Ал етікші болса, былғарының тілін тыңдап, өз өнерін үнсіз жалғастырып отырды.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
25 тамыз 2026 ж. 119 0