У-ға айналған бу
Фото: ЖИЖеміс иісі аңқыған шағын құрылғы қалтаға оңай сыяды, түтіні киімге сіңбейді, сырт көзге кәдімгі темекідей көрінбейді. Вейптің жастар арасына жылдам таралуына дәл осы «ыңғайлылық» пен қауіпсіз өнімге ұқсайтын бейнесі әсер етті. Бірақ тәтті иістің ар жағында никотинге тәуелділік, улы аэрозоль және жасырын сауда тұр. Қазақстанда вейпті сатуға, таратуға, әкелуге және өндіруге тыйым салынғанына екі жылдан асса да, көлеңкелі нарық жоғалған жоқ. Дүкен сөресінен кеткен өнім Telegram-арналарға, әлеуметтік желілердегі жабық парақшаларға және курьерлік жеткізу жүйесіне көшті.
2026 жылғы қаңтарда Ұлттық статистика бюросы 15 жастан асқан 12 мың үй шаруашылығы мүшесін қамтыған зерттеу жүргізді. Ел тұрғындарының 15,1 пайызы темекі шегетіні анықталды. Бұл 2025 жылғы 17,5 пайыздан 2,4 пайыздық тармаққа төмен. Темекі тұтынатын ерлердің үлесі – 30,5 пайыз, әйелдер арасында – 4,9 пайыз. Тұтынушылардың 98,6 пайызы өндірістік сигарет, 0,4 пайызы электронды темекі, 0,9 пайызы қыздырылатын темекі жүйелерін пайдаланатынын көрсеткен. Алайда бұл – ересектер арасында үй шаруашылықтары арқылы жүргізілген сауалнама. Тыйым салынған өнімді жасырын алатын жасөспірімдер мен заңсыз сауда көлемін мұндай зерттеу толық қамтымауы мүмкін. Сондықтан ресми 0,4 пайызды көлеңкелі нарықтың нақты ауқымы деп қабылдау қиын.
Құқық қорғау органдарының дерегі басқа көріністі көрсетеді. Қаржылық мониторинг агенттігі 2026 жылдың басынан бері вейптерді заңсыз өткізу бойынша 12 сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастап, айналымнан 717 мың дана өнім тәркілеген. Ақмола облысындағы бір арнаның қылмыстық табысы 221 миллион теңгеден асқан. Өнім интернет-дүкендер арқылы сатылып, курьермен жеткізілген, ақша «дропперлер» арқылы қабылданған. 29 маусымда Қостанай облысындағы «Қайрақ» өткізу пунктінде жүк көлігінен 27 624 вейп табылды. Алдын ала бағаланған құны – 500 миллион теңге. Бұл тыйым сұранысты жоймағанын, заңсыз бизнестің тек сату тәсілін өзгерткенін аңғартады.
Telegram – бұл нарық үшін кездейсоқ таңдалған алаң емес. Сатушы нақты мекенжайын көрсетпейді, каталогты жабық арнаға орналастырады, тапсырысты жеке хатпен қабылдайды, тауарды курьер немесе такси жеткізеді. 2025 жылы ҚМА вейптердің заңсыз айналымына қатысты 32 дерек тіркеп, 440 мыңнан астам бұйымды тәркілеген.
Агенттік заңсыз сауданың Telegram, WhatsApp және курьерлік қызметтер арқылы жүргенін ресми мәлімдеді. Алматыдағы істердің бірінде 180 мыңнан астам вейп жойылып, ықтимал табыс бір миллиард теңгеден асуы мүмкін болған. Екібастұзда мектеп оқушыларына өнім сатқан Telegram-дүкеннен 5600-ден астам құрылғы мен бөлшек алынған. «Тыйым екенін біле тұра сатады» деген сөз – қылмыстық істермен расталған құбылыс.
– Алғашында қызық санап, достарыммен бірге байқап көрдім. Кейін өзім де анда-санда алатын болдым. Қазір оны табу қиын емес деп айта алмаймын, бірақ жабық әлеуметтік желі парақшалары мен мессенджерлер арқылы сататындар әлі бар. Тапсырыс берсең, кейде курьермен жеткізіп береді. Жасыңды сұрап, құжат тексеріп жататындар да кездесе бермейді. Студенттердің арасында бірі сатып алып, бірнеше адам кезектесіп қолданатын жағдайлар да бар. Басында «кәдімгі темекі емес қой» деп аса мән бермейтінбіз. Тәтті дәмі мен өткір иісінің болмауы қауіпсіз сияқты әсер қалдырады. Бірақ уақыт өте келе жай қызығушылықтың әдетке айналып бара жатқанын байқайсың. Сабақ арасында, достармен отырғанда немесе көңіл күй болмай жүргенде қол автоматты түрде соған созылатын кездер болды. Ойлағандай оңай емес екен, – дейді қызылордалық студент.
Қазақстанда вейп айналымына қатысты тыйым 2024 жылғы 20 маусымда күшіне енді. Қылмыстық кодекстің 301-1-бабы бойынша вейпті, оған арналған сұйықтық пен хош иістендіргішті сату немесе тарату 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұлға, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа не 50 тәулікке дейін қамауға әкелуі мүмкін. 2026 жылғы АЕК 4325 теңге болғандықтан, ең жоғары айыппұл 865 мың теңгеге тең. Әкелу мен өндіру үшін 2000 АЕК-ке дейін, яғни 8,65 миллион теңгеге дейін айыппұл немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Қылмыс топпен, бірнеше рет немесе аса ірі табыс табу мақсатында жасалса, жаза бес жылға дейін жетеді.
Мұнда маңызды құқықтық айырмашылық бар. Вейптердің айналымына толық тыйым салынғанымен, темекіні қыздыруға арналған электронды жүйелер вейптермен бір санатқа жатпайды. Олар темекі өнімі ретінде реттеледі: жарнамасына, ашық көрсетуге, 21 жасқа толмағандарға сатуға және тыйым салынған қоғамдық орындарда тұтынуға шектеу қойылған. Кальянға арналған темекі мен кальян қоспасын қоғамдық тамақтану орындарында, түнгі клубтарда, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында, жұмыс орындарында, қоғамдық көлікте пайдалануға болмайды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 441-бабы бойынша жеке тұлғаға 15 АЕК, яғни 2026 жылы 64 875 теңге айыппұл салынады.
Неліктен зиянын білетін адам бәрібір шегеді?
Облыстық жастар денсаулығы орталығының маманы Гүлдана Алмұрзаеваның айтуынша, вейп, электронды темекі, кальян және қыздырылатын темекі өнімдері жасына қарамастан адам ағзасына кері әсер етеді. Электронды құрылғының сұйықтығында никотинмен бірге глицерин, пропиленгликоль және хош иістендіргіштер болады. Қыздырылған кезде олар жай «су буын» емес, адам жұтатын аэрозоль түзеді.
– Қазір көптеген жасөспірім вейптің кәдімгі темекіге қарағанда зияны аз немесе оның құрамында никотин мүлде жоқ деп ойлайды. Бұл – қате түсінік. Электронды темекі сұйықтығының құрамында никотиннен бөлек глицерин, пропиленгликоль және түрлі химиялық хош иістендіргіштер болады. Құрылғы іске қосылған кезде бұл заттар жоғары температурада қыздырылып, адам ағзасына түсетін аэрозоль түзеді. Сондықтан вейптен шығатын затты жай ғана «су буы» деп айтуға болмайды. Оның құрамындағы химиялық қосылыстар тыныс алу жолдарын тітіркендіріп, өкпенің жұмысына, жүрек-қан тамырлары мен жүйке жүйесіне кері әсер етуі мүмкін, – дейді Гүлдана Алмұрзаева. ‒ Әсіресе жасөспірімдердің ағзасы әлі толық қалыптаспағандықтан, никотинге тәуелділік олардың қалыпты дамуын тежейді. Ол зейіннің төмендеуіне, ашушаңдыққа, ұйқының бұзылуына және көңіл күйдің тұрақсыз болуына әкелуі ықтимал. Сонымен қатар бір электронды темекіні бірнеше адамның кезектесіп пайдалануы да өте қауіпті. Ауыз қуысымен жанасатын құрылғы арқылы герпес, туберкулез, вирусты гепатит және басқа да жұқпалы аурулардың таралу қаупі артады. Қыз балалардың мұндай өнімдерді қолдануы репродуктивті денсаулыққа да зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан вейпті сәнді зат, күйзелісті басатын құрал немесе қауіпсіз балама деп қарастырмау керек. Бұл – адамның денсаулығына әсер ететін және никотинге тәуелділік қалыптастыратын өнім.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы электронды темекі шығарындыларында канцерогендер мен өзге улы заттар болуы мүмкін екенін, олардың өкпе мен жүрек-қан тамырлары жүйесіне зиян келтіретінін көрсетеді. Никотин балалар мен жасөспірімдердің миының дамуына кері ықпал етіп, тәуелділікті жылдам қалыптастырады. Никотинсіз деп ұсынылған өнім де автоматты түрде қауіпсіз болып қалмайды: аэрозоль құрамында хош иістендіргіштер, еріткіштер және қыздыру кезінде пайда болатын басқа химиялық қосылыстар болуы ықтимал.
Бір құрылғыны немесе кальян ауыздығын бірнеше адамның кезектесіп қолдануы туберкулез, герпес және гепатит секілді инфекциялардың таралу қаупін арттырады. Кальян суы түтіндегі улы қосылыстарды толық сүзбейді, ал ұзақ сеанста адам көп мөлшерде түтін, көміртек тотығы мен никотин жұтады. Темекіні жандырмай, қыздыру арқылы қолданылатын электронды жүйелердің бұл ерекшелігі де олардың қауіпсіз екенін білдірмейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қыздырылатын темекі өнімдерінің зияны аз деген тұжырымды дәлелдеуге қазіргі ғылыми деректер жеткіліксіз екенін ескертеді. Даму психологиясы маманы, Стэнфорд университетінің профессоры Бонни Халперн-Фелшер жасөспірімдер шешім қабылдағанда алыстағы ауру қаупінен гөрі дәл қазір алатын әлеуметтік пайдаға көбірек мән беретінін айтады. Сондықтан «кейін денсаулығың бұзылады» деген ескерту құрбы-құрдастың қолдауы, ортаға сіңу, қызығушылық, күйзелісті уақытша басу немесе «ересек көріну» сезімімен бәсекелесе алмай қалады.
Тәтті дәм, жарқын қаптама және иістің тез жоғалуы қауіп сезімін әлсіретеді. Маманның пікірінше, жасөспірімді тек қорқыту жеткіліксіз: оған өнімнің қалай әдейі тартымды жасалғанын түсіндіріп, күйзелісті басқарудың қауіпсіз жолдарын ұсыну керек. Жастарға алыс болашақтағы қатерді ғана емес, вейптің спорттық төзімділікке, ұйқыға, зейінге және күнделікті еркіндікке қалай әсер ететінін түсіндіру маңызды.
Вейпке тәуелді адамды тек «жігерсіз» деп кінәлау мәселені шешпейді. Никотин мидың марапат жүйесіне әсер етіп, қысқа уақытқа жеңілдік пен сергектік сезімін береді. Кейін сол әсерді қайталау үшін адам құрылғыға қайта оралады. Уақыт өте бастапқы мөлшер жеткіліксіз болып, тұтыну жиілейді. Никотинге физиологиялық тәуелділікке құрылғыны қолда ұстау, демалғанда немесе мазасызданғанда тарту секілді мінез-құлықтық әдет қосылады.
Осы тұста жеке әдет нарықтық механизммен түйіседі: сатушы тәуелді клиентті жоғалтқысы келмейді, ал сатып алушы заңсыз арнаны іздеуге дайын болады. Денсаулыққа зиян екенін біле тұра шегетін тұтынушы мен тыйым екенін біле тұра сататын көлеңкелі бизнес осылай бір-бірін қоректендіреді.
«Бу мәдениеті» деп сәндендірілген құбылыстың шынайы бейнесі – осы. Бір жағында тәтті иіс пен әлеуметтік желідегі әдемі кадр, екінші жағында тәуелділік, улы аэрозоль, ерте жастағы денсаулық қатері және миллиондаған теңге айналдыратын жасырын сауда тұр.
Тыйым қажет, бірақ ол жалғыз өзі жеткіліксіз. Заңсыз онлайн-дүкендерді жедел бұғаттау, курьерлік тізбекті анықтау, мектеп пен колледждегі алдын алу жұмысын нақты дерекке құру, ата-аналарға тәуелділіктің белгілерін түсіндіру және жастарға құпия әрі қолжетімді психологиялық көмек ұсыну қатар жүруі тиіс. Әйтпесе дүкен сөресінен алынған вейп телефон экранында қайта пайда болады. Бу тез тарайды. Бірақ оның салдары ізсіз жоғалмайды.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»










