Қорқыт ата университетінің азиядағы серіктестік аясы кеңеюде
kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – Ректор Наурызбай Байқадамов Индонезияның Бинус университетінің өкілдерімен келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында екі жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастықты дамытудың негізгі бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, білім алушылардың академиялық ұтқырлығын ұйымдастыруға, сондай-ақ ғалымдар мен профессор-оқытушылар құрамының өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасау мәселелеріне баса назар аударылды.
Бина Нусантара университеті (BINUS University) – Индонезиядағы жетекші жекеменшік жоғары оқу орындарының бірі. Университет ақпараттық технологиялар, бизнес және менеджмент, инженерия, дизайн, коммуникация және гуманитарлық ғылымдар бағыттары бойынша білім береді.
Тараптар білім беру саласындағы өзара тәжірибе алмасудың, халықаралық академиялық байланысты кеңейтудің және бірлескен жобаларды жүзеге асырудың маңызын атап өтті.
Бинус университетімен серіктестік Қорқыт ата университетінің Оңтүстік-Шығыс Азиядағы академиялық байланыстарын кеңейтіп, білім алушылар мен оқытушылар үшін жаңа халықаралық мүмкіндіктер қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл бастама Қазақстан мен Индонезия арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болмақ.











