Шинхан университеті мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті бірлескен жобаларды іске асырады
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне Корея Республикасы Шинхан университетінің өкілдері жұмыс сапарымен келді.
Делегация мүшелері – Шинхан университеті Ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ким Чжонгкью, Зерттеу орталығы бөлімінің басшысы Ли Янгкей Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы – Ректорының міндетін атқарушы, Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Жандос Базартаймен және құрылым басшылары, профессор-оқытушылармен кездесті.
Кездесуде экология, электр энергетикасы, ауыл шаруашылығы салалары бойынша жаңа жобаны жүзеге асыру талқыланды. Алдағы уақытта бірлескен білім беру бағдарламаларын оқыту, материалдық-техникалық базаны нығайту бойынша жұмыстар атқарылатын болады.
Жиында Корея Республикасы Шинхан университетінің Өнеркәсіптік және академиялық ғылыми-зерттеу қызметінің ынтымақтастық қоры мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Университеттің Басқарма төрағасы – Ректорының міндетін атқарушы, Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Жандос Базартай білім ордасының академиялық және ғылыми әлеуеті, стратегиялық даму барысымен таныстырды.
Кездесу барысында университеттердің екі жақты келісімшарты негізінде «Kazakhstan – Republic of Korea joint Laborаtory for E³ convergence technology & Carbon Neutral Support» қазақ-корей біріккен ғылыми зерттеу зертханасының ресми ашылуы болды.
Қонақтар «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханамен, ҚР еңбек сіңірген гидротехнигі М.Нәлібаев атындағы су шаруашылығы музейімен танысты. Сонымен қатар, Корей халқының ұлттық қаһарманы Хон Бом До мемориалына барып, тағзым етті.
Айта кету керек, 2023 жылдың мамыр айында университеттің басшылығы бастаған арнайы делегация Оңтүстік Кореяның бірқатар жетекші ЖОО-ларында, сонын қатарында Шинхан университетінде болып, кездесу нәтижесінде өзара ынтымақтастық келісімге келген болатын. Кері байланыс ретінде, 5 шілдеде Шинхан университетінің Президенті Кан Сон Чжон (Kang Seong Jong) бастаған арнайы делегация Қорқыт ата университетінде болып, зерттеу және білім беру саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын әзірлеу, біліммен, тәжірибемен және басқа да тиісті ақпаратпен алмасу мақсатында екі жақты меморандумға қол қойылған болатын.
kyzylorda-news.kz