Мәслихаттар сайлауы
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылша,қызамық,шошқа мойын ауруларының алдын алу шаралары

Қызылша,қызамық,шошқа мойын ауруларының алдын алу шаралары

Ауа-тамшы жолдарымен берілетін,адамдар арасында ,оның ішінде балалар арасында  жиі ұшырасатын жұқпалы аурулар қатарына қызылша,қызамық,шошқа мойын аурулары жатады.
Бұл аурулардың барлығында да ауру көзі тек науқас адам болып табылады,яғни ауру адамнан адамға жұғады. Ауру қоздырғыштары ауру адам сөйлескенде, жөтелгенде, түшкіргенде ауа арқылы таралады.
Қызылша  – ауа-тамшы жолымен берілетін, кең таралған жіті инфекциялық ауру, көбінесе балалар ауырады. Қызылша бүгінгі күні ең жұқпалы аурулардың бірі. Бұл инфекцияға шалдыққыштық 100% - ол дегеніміз, егер бұрын қызылшамен ауырмаған және егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен қарым-қатынаста болса, ауру жұқтыру қаупі өте жоғары. Сол үшін де екпе мерзімін қатаң сақтау және инфекция ошағында эпидемияға қарсы шаралар жүргізу өте маңызды.
Ауру алғашқы кезде  суық тию белгілері сияқты басталады,яғни дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріліп, әлсіздік, тәбеттің болмауы, құрғақ жөтел, мұрыннан су ағу,көздің қызаруы,іріңдеуі,тамақтың қабынуы тәрізді белгілер болады.  Аурудың 2-4-ші күнінен кейін ауыз қуысында ақыл тістеріне қарсы ұсақ ақшылдау бөртпелер пайда болады. 3-5 күні бөртпелер айқын дақ түрінде қаптап, көбейіп кетеді. Құлақтың  түбінен, маңдайдан бастап, ары қарай бүкіл денесін жауып кетеді. Ұсақ қызғылт дақтар үлкейіп, бір-бірімен қосылып, формасы өзгереді. Бөртпе пайда болып, 2-3 күннен кейін дақтар өршіп тұрған кезде дене қызуы тағы да көтеріліп, 40,5 градусқа жетуі мүмкін. Бөртпе 4-7 күн тұрады. Олар жоғалған соң, орнында қоңырлау дақтар қалады, екі аптадан соң тері тазарады.Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы  ауру жұқтырғаннан бастап алғашқы белгілері байқалғанша, 7-ден 14 күнге дейін созылады.
Қызамық -ауру қоздырғышы адам организміне жоғары тыныс жолдары арқылы енеді.Вирус жоғары тыныс алу жолдарында,желке,мойын лимфа түйіндерінде көбейіп,организмге таралады.Клиникалық белгілері: бөртпе пайда болғанға дейін 1-3 күні әлсіздік,түшкіру,бас ауыруы,ең бастысы желке,мойын лимфа түйіндерінің ісінуі,дене қызуының көтерілуі байқалады. Содан соң бүкіл денеде бір мезгілде ноқатты-папулезды бөртпе пайда болады. Бөртпе 2-3 күннен кейін ізсіз жойылып кетеді.  Ересектерде ауру ауырлау өтуі мүмкін. Ауру  адам бөртпе пайда болғасын 7 күнге дейін қауіпті,орташа 10-12 күн. Ауру қоздырғышы науқас жөтелгенде,түшкіргенде ауаға бөлінеді, сонымен қатар, ластанған тұрмыс заттары арқылы берілуі мүмкін.Науқас анадан екіқабат кезінде құрсақтағы балаға да жұғады,бұл жағдайда5 пайызға дейіні өмірге туа пайда болған  ақаулармен нәрестелер дүниеге келеді.
Эпидемиялық паротит ауруының қоздырғышы-вирус, адам организміне мұрын-көмекей кілегей қабаты арқылы енеді.Сол жерде  вирус көбейіп, қан арқылы бүкіл организмге тарайды.Негізгі зақымданатын құлақ маңының сілекей бездері.Вирус сілекей бездерімен қатар ұйқы безі,қалқанша без,жыныс бездері,ми және т.б. органдарға еніп,қабыну туғызуы немесе бір мезгілде бірнеше органдарды зақымдауы мүмкін. Ауру жедел басталады.Дене қызуы 38-390 С-қа дейін көтеріліп, бір жақ құлақ маңы сілекей безі немесе екі жағы бірдей ісінеді,кейде бірінен кейін бірі ісінеді,ауырсыну болады.4-5 күннен кейін ісік қайта бастайды,7-9 күні ісік толық қайтады.  Ауру кейде асқынуларға ұласуы мүмкін (серозды менингит, ер балалардың жыныс органына әсер етіп, бедеулікке ұшыратуы мүмкін).
Алдын алу шаралары :Инфекцияларға қарсы ең нәтижелі шара-вакцинопрофилактика болып табылады. Елімізде егу шараларының күнтізбесіне сәйкес  жоспарлы түрде  баланың 1 жасында, 6 жасында қызылша, қызамық,шошқа мойынға қарсы  құрамдастырылған ҚҚП вакцинасы егіліп келеді. Егілген балаларда 95 пайызда иммунитет қалыптасып, осы инфекциялармен ауру қаупі төмендейді.
Құрметті ата-аналар! Екпе алу Сізді және Сіздің балаларыңызды аурудан қорғайды және болашақтағы дені сау ұрпақтың кепілі болып табылады.

Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы А.Сатекеева 
17 қараша 2026 ж. 24 0