Мәслихаттар сайлауы
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіпкерлікке қолдау, өндіріске өріс

Кәсіпкерлікке қолдау, өндіріске өріс

Облыс әкімінің қатысуымен өткен жиыннан кейін аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрмұхамет Бохаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиында отандық өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Мәжілісте айтылғандай, ағымдағы жылдың 10 айында ауданда өңдеу өнеркәсібі саласында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 пайыздық өсім қалыптасқан. Сондай-ақ жыл басынан бері 140 кәсіпкерлік жоба қаржыландырылып, кәсіпкерлік саласын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылған.
Осыған орай аудан әкімінің міндетін атқарушы бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуын бақылауды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар қаржыландырылған жобалардың жүзеге асырылу барысын зерделеу, кәсіпкерлердің өз міндеттемелерін орындауын қадағалау және ауылдық округтерде кәсіпкерлік бастамаларды қолдау жұмыстарын жандандыру қажеттігін атап өтті.
Әсіресе, ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына мүмкіндік беретін «Ауыл аманаты» бағдарламасының әлеуетін тиімді пайдалану мәселесіне басымдық берілді. Осы бағытта әрбір ауылдық округтен кемінде екі жобаны қаржыландыруға ұсыну міндеті қойылды.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімінің орынбасары Нұрмұхамет Омарұлы көтерілген мәселелер мен берілген тапсырмалардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
Н. МАРАТ
21 қараша 2026 ж. 34 0