Бердібек Сапарбаев пен Ахметжан Есімов меморандумға қол қойды

Сонымен қатар, жасы 18-ге толмаған кемінде 30 бала мен жасөспірімнің интеллектуалдық, шығармашылық немесе спорт сайыстарына баруы үшін жол шығындарын көтеріп алу жоспарланған. Жоғарғы оқу орындарының 30 дарынды түлегін іріктеп алып дамыту, кемінде 60 түлекті өндіріс салаларын цифрландыру жобаларында тәлімгерлік бағдарламаға қабылдау және жұмысқа орналастыру қарастырылған. Меморандум кем дегенде 50 коммерциялық емес ұйымның бастамаларына қаржылық және басқа да көмек көрсету арқылы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, мүгедектер ұйымдарын қолдау мақсатымен олар өндірген тауарларды ереже шеңберінде сатып алу мәселелелерін қамтиды. "Бұл келісімге Елбасының "Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты" атты белсенді әлеуметтік саясатты қолдау және дамытуға арналған бағдарламасының шеңберінде қол қойылды. Меморандум әлеуметтік саланы дамыту, кей санаттағы азаматтардың тұрмыс деңгейін көтеру және әлеуметтік бастамаларды іске асыру мақсатымен күш-жігерімізді біріктіруге мүмкіндік береді", - деп атап өтті "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов. Өз кезегінде Бердібек Сапарбаев бұл бағыттағы бірлескен жұмыс әлеуметтік мәселелерді шешудің жаңа жолдарын ашатынын айтты. "Халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарының мәселелері, атап айтқанда, көпбалалы және тұрмысы нашар отбасыларды, жетім балаларды тұрғын үймен қамту - мемлекет пен бизнестің бірлесіп шешуін талап ететін өткір тақырып", - деп қорытындылады министр. "Самұрық-Қазына" холдингіне кіретін барлық компаниялардың атынан қайырымдылық қызметті атқаратын - "Samruk-Kazyna Trust" әлеуметтік жобаларды дамыту қоры. 2019 жылы аталған қор жалпы құны 4,8 миллиард теңге болатын, әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге бағытталған 15 жобаны жүзеге асырып отыр. Сал ауруына шалдыққан 1170 балаға тегін оңалту курстары ұйымдастырылды. Мектеп жасындағы 9000-нан астам жасөспірім Қордың қолдауымен оқу және спорт үйірмелеріне тегін қатысып жүр.