Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Аузынан түтін шықты": Елордада 13 жастағы жеткіншек 10 мың вольттық тоққа түсіп қалды

"Аузынан түтін шықты": Елордада 13 жастағы жеткіншек 10 мың вольттық тоққа түсіп қалды

Елордада көпқабатты тұрғын үйдің балалар алаңында ойнап жүрген 13 жастағы жеткіншек 10 мың вольттық тоққа түсіп қалды. Оқыс оқиға салдарынан ол есінен танып,  клиникалық өлімді басынан өткерген.  Ал осы жағдайдан кейін тұрғындар балаларын сыртқа қараусыз жіберуден қорқып қалған.

Ойын алаңында асыр салып ойнап жүрген 13 жастағы жеткіншек жабық ойын алаңына шығып, байқаусызда электр желісін іліп әкетеді. Сол сәтте оны тоқ ұрып, есінен танып, жерге құлаған. Сәтін салғанда, ол аман қалды. Десе де осы факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Ал осындай оқиғалардан кейін ғана қимылдайтын жауаптылар құлыптап тастапты,
Куәгердердің сөзінше, 10 мың вольттық тоққа түскен баланың аузынан көбік шығып, есінен танып қалған екен. Тіпті, жедел жәрдем жеткенше клиникалық өлімді да басынан кешірген. Болған жайтты өз көзімен көрген  Мадина Дөсетованың сөзінше, жеткіншек  электр тоғынан құлағанын аңғармаған, тек сіңірі тартылып қалған ба деп ойлапты. Жанына барып, қол-аяғын уқалап, барынша көмектесуге тырысқан. Алайда..
«Мен қоқыс төгуге кетіп бара жатқанмын. Бір кезде бала құлап жатыр екен. Ұстамасы ұстады ма екен деп ойлап, жай қолын сипап едім, дірілдеп жатыр. Тоқ соғып кеткен. Ешқандай техника қауіпсіздігі жоқ. Ол бала сымды қайдан біледі», - дейді куәгер Мадина Дөсетова. 
Оқиғадан кейін футбол алаңында  еш қауіпсіздік техникасы сақталмаған электр желісіне  шағымданған тұрғындарға  КСК өкілдері келіп, мәселені шешеміз деп басу айтыпты. Алайда үш күннен бері құлып қойғаннан басқа еш шара қабылданбапты. Ал әбден зәре-құты қашқан ата-аналар балаларын қараусыз сыртқа шығарудан қалған.  
«Ана баланың аузынан түтін шықты дейді. Бірақ оның түтін ба, жоқ па, не екенін түсінбедік. Немеремнің де түрі бұзылып кеткен. Балаларға мынау өте қауіпті екен», - дейді қала тұрғыны Айғаным Жүрімбаева.
«220 вольттан адам баласы қайтыс болып кетіп жатыр. 10 мың вольт деген... Әйтеуір, Алла сақтап, бала тірі қалды дейді. Енді ата-аналарға қиын ғой. Бала деген – болашағымыз», - дейді тұрғындардың бірі Әбімажит Әбдіқасымов.
Жоғары вольтты желінің ойын алаңында орнатылғаны қаншалықты дұрыс екені әзірге белгісіз. Бұл сұрақ тек тұрғындарды емес, енді құзырлы органдарды да алаңдатып отыр. 
«Біз сол күні оқиға болған жерге бардық. Мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, ойын алаңын уақытша жауып тастадық. Аталмыш мәселеге байланысты жиналыс болды. Бұдан былай электр желілерін жердің астымен өткізу керектігі жайлы ұсыныс айтылды. Осы мәселеге байланысты алдағы уақытта жұмыстар атқарылады. Айта кетейік, бұл көп қабатты тұрғын үй 1983 жылы эксплуатацияға берілген. Содан бері электр желілері футбол алаңының үстімен жүргізіліп, сол күйі қалған. Әзірге кімнің кінәсі екенін нақты айту қиын», - дейді Сарырақа ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Бақтияр Топаев.
Осылайша, түрлі дене жарақатын алған жеткіншек  қазірде қалалық  балалар ауруханасында дәрігерлердің жіті бақылауында жатып, ем-дом қабылдауда.
Әзірге ақ халаттылар оның жағдайы туралы қандай да бір ақпарат беруден бас тартуда.

https://stan.kz  

16 шілде 2019 ж. 517 0