Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өзінің кім екенін жасырған дәрігер

Өзінің кім екенін жасырған дәрігер

Дәрігер Джеймс Бэрри – Ұлыбританиядағы медициналық мектепке алғаш барған әйел. Кішкентай кезінен дәрігер болуды армандаған ол медициналық мектепке сол кездегі заңға байланысты бара алмайтын еді. Себебі ол уақытта әйелдер тек үй тірлігімен ғана айналысатын, оқуға қабылдануға не жақсы маман атануға мүмкіндік жоқ еді. Ендеше, ол қалай медициналық мектепті тәмамдап, дәрігер Джеймс Бэрри атанды? Ол жай ғана өзін ер адам деп таныстырып, өзінің әйел екенін жасырған.

Дәрігер Бэрридің шын есімін, туған күнін не оның отбасы, өткені туралы ешкім білмейді. Кей деректерде оның Лондонда 1795 жылы дүниеге келгені туралы сақталған. Кей ауыздан ауызға таралған аңызда оның дәулетті кісінің не ханзаданың қызы делінеді. Кей деректерде оның есімі Маргарет Энн Балклей, Ирландияда дүние келген делінген. Тек белгілі айғақ – оның 1810 жылы Эдинбург университетінде медицина бөлімінде студент атанғаны.

Оның топтастары оның көсеу, бойының қысқа болғанына келеке қылатын. Бірақ ешкім оның қыз бала деп ойламаған. 20 жасында Джеймс Бэрри Эдинбург университетін медицина дәрігері болып аяқтайды. Бітірушілер арасындағы ең жасы, ең кішкентайы болған. Кейін Лондон ауруханасына барып, ота жасауды үйренеді. Бір жылдан кейін әскерге қабылданып, әскери ауруханада көмекші қызметін атқарады. Оның әскерге қабылданған кездегі емтиханнан қалай өткені таңғаларлық жағдай.

45 жыл бойы Джеймс Бэрри британ офицері әрі оташы атанады. Барлығы оған құрметпен қараған. Әскер үшін маңызды шаралар жасаған. Сол уақытта әлемнің шет-шетінде британ әскери колониясы бар болатын. Дәрігер Бэрри біраз уақыт сол колонияларда қызмет атқарған, Үндістан, Корфу, Мальта, Ямайка елдеріне саяхаттаған, колонияларда ең мықты дәрігер, оташы деп танылған. Бір күні губернатор қызының өмірін сақтап қалған, содан кейін губернатордың жеке дәрігері атанған. 

Оны бәрі құрметтесе де, дәрігер Бэрри үнемі басы бәлеге қалатын. Егер адамдар оның жіңішке даусы, арық дене-бітімі туралы әңгіме етсе, не сұраса, қатты ашуланып ұрысатын. Ол сонымен қатар қылыштасу өнерін жақсы меңгерген, шайқасқа жиі қатысқан.

Жұмысында да түсініспеушіліктер жиі орын алған екен. Себебі, дәрігер Бэрри жоғарғы стандарттағы медициналық көмек көрсетілгенін қалаған. Ауруханаларды қатаң ереже қалыптастырған. Егер тұтқындарға не жазаланушыларға мейірбикелер мен дәрігерлер дұрыс көңіл бөлмесе, оларға қатаң жаза берген екен. 

Қызметкерлер оның біртүрлі әрекеттерін түсіне алмаған, мәселен, ол үнемі есікті құлыптаған соң киімін ауыстырған. Өзін ер адам деп ұстаған соң, жатын бөлмеде ер адамдармен ұйықтаған, десе де, киім ауыстыратын кезде басқалардың шығып кетуін сұраған екен. 1857 жылы, 62 жасында дәрігер Бэрри Канадаға Инспектор Генерал шенімен ауысады. Бұл жерде сарбаздардың денсаулығын жақсарту үшін, тамақтануын қадағалау үшін жақсы істер жасаған. Алайда 1859 жылы тұмау тиіп, ұзақ мерзімді демалыстан кейін, отставкаға кетеді. Қалған өмірін жалғыздықта өткізген ол 71 жасында дүниеден озады.

Әскери дәрігер оның мүрдесін тез-тез тексеріп, өлімін анықтаған. Бірақ, кейін оның денесін жуған бір қызметкер оның әйел екені айтқан. Бірақ әскерилер бұл туралы ешқандай ресми ақпарат бермеген. Ол ер адам деген жазумен жерленген. Оның бар құпиясы өзімен бірге кеткен. Бірақ әлі күнге дейін бұл сырды ашқысы келетін "білімпаздар" көп деседі. 

massaget.kz
07 сәуір 2022 ж. 3 985 0