Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Әйелім жынданып кетті»: қызылордалық азамат өткен ісі үшін өкініп отыр

«Әйелім жынданып кетті»: қызылордалық азамат өткен ісі үшін өкініп отыр

«ERNUR.KZ ұжымы, мен сіздерге өз басымнан өткен оқиғаны айтып бергім келеді. Жас кезімде көп қателік жібердім. Басқалар сияқты «Еркек деген түздің адамы» деп отбасыма, бала-шағама көп көңіл бөлмедім. Әйелім бірдеңе дей қалса, «жөніңді біл» деп аузын жабуға тырыстым. Бірақ соның зардабын тартып отырмын», – деп бастапты әңгімесін редакцияға хат жазған Ербек есімді азамат.

Бес баланың әкесі өз өмірінен сыр шерте отырып өзге ер-азаматтарға кеңес беруді жөн көрген екен. Оның жазғандарын қаз-қалпында назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Биыл 49-ға толамын. Еркек үшін 50 жас деген нағыз кемеліне келіп, ұл-қыздарын жетілдіріп, енді әйелімен солардың қызығын көретін шақ қой. Бірақ мен олай ете алмай отырмын. Басыма қонған бақты дер кезінде бағалай алмай, енді пұшайман боп отырған жайым бар.

Әйеліме сүйіп үйлендім. Өз ауылымның қызы, менен үш жас кішілігі бар. Қарындасымның сыныптас құрбысы боп үйімізге келіп-кетіп жүрген қыз еді. Биязы, мінезі жайлы, түрі де сондай тартымды, бірте-бірте мені өзіне ғашық етті. Сөйтіп бір күні оны алып қашып, үйге әкелдім. Ол еш қарсыласпастан басына орамал салдырды. «Өз еркіммен келдім» деп әке-шешесіне хат жазып берді.

Гүлнұрды менің ата-анам да, бауырларым да жақсы қабылдады. Себебі тірлікке тап-тұйнақтай еді, бәрінің көңілінен шығуға тырысатын. Менің мамам да оңай адам емес, анда-санда сөзімен түйреп, жиі ренжітіп қоятын. Ондайда «сенің шешең» деп бетіме қарсы келген емес. Обалы не керек, алтын асықтай үш ұл туып берді. Мектепте мұғалім боп та істеді. Қазір қарап отырсам, әйелімнің қажыр-қайратына таңғалам. Соншама тірлікті қыңқ демей қалай үлгерген десеңізші…

Менің жұмысым қалаға ауысты да, күн сайын қатынап істеуге тура келді. Еркек үйден қырық қадам аттаса бойдақ болады дегені рас екен. Шетке шыға бере басқаларға көз сүздік. Үйге іші келетін, кештетіп келетін кездер де бастан өтті. «Неге кеш келдің» деп әйелім сөйлей бастаса қол жұмсап, қоқиланғаным да бар. Жасырып қайтем, талай мәрте таяқ жеді.

Бір жолы ауылдан қалаға бара жатып, көрші ауылдан бір әйелді көлігіме отырғызып алдым. «Төркініме келіп едім» деп әңгімесін бастап, қалаға жеткенше біраз тақырыптың басын шалдық. «Күйеуім қайтыс болған, екі баламмен жесір қалдым. Жалғыздықтың күні құрысын, еркектің орны бөлек екен» деп көзіне жас алды. Сол әйелмен екі жыл әмпей-жәмпей болдық.

Әйелім бәрін сезсе де балалардың берекесін қашырмайын деп ішіне сақтап жүрген екен. Бір күні бомба болып жарылды. «Екі жылдан бері есін жинайтын шығар деп күтіп едім, қояр емессің. Ендігі ақылға келіп, екі жолдың бірін таңда. Бұдан артық шыдай алмаймын. Не мына үш балаңды, мені таңдайсың, болмаса мен бәрін төркініме айтып, мына үйден кетем» деп аузымды аңқитты. Оны білмейді деп сауық құрып жүрген екем, айтарға сөз таппай қалдым. Сөйтіп жолсерік көңілдеспен біржола қоштастым. Отбасымды таңдап, дер кезінде есімді жинап алдым.

Айтпақшы, әлгі көрші ауылдың қызы боп танысып, кейін екі жыл кездескен келіншек нағыз алаяқтың өзі боп шықты. Біздің ауылдағы ең бай, мыңғырған малы бар Бейсен деген жігітті қақпанына түсіріп, ақшасын сүлікше сорып, соңында аузын аңқитып кетіпті. Әйелім соны білгендей мені арашалап алған екен. Абырой болғанда аман-есен құтылыппын.

Үш жылдан соң әйелім төртіншісін босанды, артынша кенже қызымызды дүниеге әкелді. Бесіншісін босанғалы бері өзінің денсаулығы құри бастады. Миы ашып қалған адамдай, қолындағы затын қайда қойғанын білмей, шарқ ұрып іздейді. Тамақ істесе тұз салуды, май құюды ұмыта бастады.

Балаларды шатастырғаны бір бөлек, келе-келе мені танымай қалатын болды. Апармаған дәрігерім жоқ. «Әйеліңіздің миына сарысу жиналған, оны алып тастау өте қауіпті. Отаны көтере алмайды» деп дәрі-дәрмек жазып қайтарды. Емін алғанда әжептеуір жақсарып қалады. Уақыт өте баяғы әдетіне қайта басады. Бір таңғалатыным, шаршау дегенді білмейді, күн ұзаққа тырбаң-тырбаң етіп үйдің тірлігін істеп жүре береді. Құдды бір жас келін сияқты, «нан жабамын» деп шара-шара қамыр илейді, артынша онысын ұмытып кетеді. Жағдайымыз қиындап кетті, әйеліме қараймын да ішім ашып жылап аламын.

Әлі елуге толған жоқ, қатарластары секілді мектепте мұғалім боп, бейнетінің зейнетін көретін адам еді, қазір үйде қамап ұстап отырмыз. Былтыр үлкен ұлды үйлендіргенбіз. Жас келін енесіне қарап отыр. Артынан қадағалап жүреді, газды қосып кетпеді ме, суды жапты ма, бәрін тексеріп отырмаса болмай қалған.

Жақында ұлым мен келінім бірдеңеге ренжісіп қалды. Бөлмелерінің есігі ашық тұрған екен, екеуінің әңгімесі маған анық естілді. «Неге менің аузымды жаба бересің? Шешең сияқты менің де айтарымды айта алмай, ауру болғанымды қалайсың ба? Сен де әкеңнің сортынан екенсің, мамамыздың ауырғаны соның кесірінен» деді. Жүрегім аузыма тығылып, өзімді әрең ұстадым. Келін де соқыр емес қой, бәрін біліп, сезіп айтып отыр. Оныкі дұрыс. Әйелімнің қадірін білмей, жас өмірін қор еткен өзім ғой. Ол бәрін ішіне сақтап, ақырында осындай жағдайға жетті. «Сауап болған, Ербек, естиін дегенің осы ма еді?» деп іштей өзіме әбден ұрыстым.

Менің айтпағым, жас күніңде білінбейді, бірақ қартайғанда әйеліңнен артық жан болмай қалады. Сондықтан жастай қосылған жарыңның қадірін біл, қас-қабағына қара, көңіліне қаяу түсірме! Жастық желік, сауық-сайран, көңілді кездесулерді тоқтату керек, отбасыңның қадіріне қазірден жетпесең, ертең өкініштен бармағыңды шайнап қалма!»

syrboyi.kz
Фото: ernur.kz
05 маусым 2024 ж. 1 525 0