Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Аурухананың төбесінде ұшып жүр екем..." Екі рет өліп-тірілген келіншектің әңгімесі

"Аурухананың төбесінде ұшып жүр екем..." Екі рет өліп-тірілген келіншектің әңгімесі

Алматылық келіншек басынан өткен адам сенгісіз оқиғаны айтып берді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі
Өмір мен өлімнің арасында, дәрігерлердің тілімен айтқанда, клиникалық өлім деген кезең болады. Ол кезде адамның бір сәтке тынысы тоқтап, жүрегі тыншиды.
Алланың құдіретімен осындай кезде кейбір адамдардың жүрегі қайтадан соғып, бойына жан бітеді. Қазақтар ондайда "арғы жаққа барып келді, аруағы мықты екен, қайтарып алды" деп күбірлесіп жатады. Бұл өзі өмірде ілуде бір рет кездесетін сирек құбылыс.
Сондай сирек құбылысты басын өткерген алматылық – Гүлім Ақсары (аты-жөні өзгертіліп алынды).
Гүлімнің айтуынша, 2005 жылы Алматы қалалық №12 ауруханада ота жасаған дәрігерлер оны "өлді" деп жалаңаш күйі сүйремелі төсегімен дәлізге шығарып тастаған екен.
"Орнымнан тұрсам дәлізде жатырмын. Анандайда жүрген мейірбикелердің бірі менің тұрғанымды көріп, тұра жүгірді. Екіншісі қасым кеп, қолымнан ұстады. "Сені өлді деген" деді сосын. Бір уақытта ботадай боздап әпкем келді. Айғай-шу шығарды. Сөйтіп мені ақылы бөлімге ауыстыртқызды", - дейді алматалық келіншек қыз күнінде басынан өткен оқиғаны еске алып.
Гүлімнің айтуынша, оның аяқ-астынан тіріліп кеткеніне, әсіресе дәрігерлер қатты ашуланыпты.
"Соқырішегім жарылған ғой. Соның соқырішек екенін білмей, ішімді ары-бері қопарып, ақыры ол жарылыпты. Одан соң "бұл бәрібір адам болмайды" деп, ота кезінде ішекті де аямай кесіп, ішімді бүріп қалай болса солай тіге салған.
Бір сөзбен айтқанда, басынан бастап аяғына дейін дәрігерлік қате тұнып тұр. Тірілген соң олар, әрине қатты шошыды. Ақылы бөлімге ауыстырып, дұрыстап қарағандай болды", - дейді ол.
Сол кезде дұрыс жасалмаған отаның зардабын әлі тартып жүргенін айтқан Гүлім екінші рет қалай өліп-тірілгенін де баяндап берді.
"Атылған оқ құсап зулап келеді екем. Қалай тез жүгіретін боп кеткенмін деп таңғалып қоямын. Бір уақытта төменге қарасам астымда адамдар жүр. Сөйтсем мен аурухананың төбесінде ұшып жүр екем. Шошып кеттім.
Жан ұшады деген осы екен ғой деп ойлап қоямын. Не керек зырылдап палаталарға бірінен соң біріне кіре бастадым. Ақыры бірінен өзімді тауып алдым. Нақтырақ айтқанда, денемді таптым", - дейді ол Алматыдағы №3 перзентханада 2011 жылы тұңғышын босанған кезді еске алып.
Келіншектің ұшып жүрген жаны қанша талпынса да, денесіне қона алмапты.
"Дәрігерлер қаумалап тұр. Бас дәрігер болуы керек: "Алма, тұрсын" деп жатыр. Соған қарағанда аппаратқа қосқан секілді. Енді не істеуім керек деп шыр-пырмын. Денемнің қасына барып жатамын. Айналсоқтап ары-бері жүремін. Бірақ онымнан түк шықпады.
Бір уақытта төбеге қарасам бір бөпенің саусақтары көрініп тұр екен. Жалма-жан ұшып барып сол сәбидің саусақтарынан ұстадым. Осы кезде денеммен селк етіп ояндым. Қолымда жаңа туған қызым жатыр екен. Қуанғанымнан тұншығып жылап жібердім", - деген келіншек содан бастап намазға жығылғанын айтады.
Сөйтсе, дәрігерлер наркоздан соң оны оята алмаған. Бір тәулік бойына оянбаған келіншектің күйеуіне бір медбике тіпті: "Дайындала беріңіз" деп естіртіп үлгеріпті.
"Тұрған соң бірден күйеуіме телефон соқтым. Қайда жүрсің десем, "Сен шынымен Гүлімсің бе" дейді. Қатты ашуым келді. Сөйтсем ол ішіп алыпты күйіктен. Күйеуім мені өлді деп ойлапты" , - дейді ол.
Осы жайттардан соң Гүлім түс арқылы өмірде болатын кейбір жайтты алдын ала біліп отыратын қасиетке ие болғанын айтады.
"Түс көремін. Жоримын. Сол тура келеді. Бірақ мұнымды ешкімге айтқан емеспін. Өйткені оған өзге түгілі өзім де сенбеймін, онша мән бермеймін", - дейді ол.
www.qamshy.kz
09 наурыз 2019 ж. 952 0