Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Боксқа оралуды көздеген "Темір Майк"

Боксқа оралуды көздеген "Темір Майк"

Marca басылымы оқырмандарының арасында 2020 жылы кімнің жекпе-жегін көргіңіз келеді деген сауалнама жасапты. Бірінші орынға боксқа оралуды ойлап жүрген Майк Тайсонның Эвандер Холифилдке қарсы үшінші жекпе-жегі жайғасқан. Сауалнамаға қатысушылардың 52% Тайсон – Холифилд жекпе-жегін асыға күтіп жүргенін айтады.
  15 жыл бұрын мансабын аяқтаған Майк Тайсон жақында боксқа оралатынын мәлімдеп, өзінің әлі бабында екенін көрсетті. Ол үнемі жаттығуынан бейнеүзінділерді жариялап, түрлі боксшыларды жекпе-жекке шақырды. Жас 53-ке келсе де әлі шаршы алаңға ұмтылған "Темір Майк" жайлы білеріңіз көп пе?
Майк Тайсон жиырма жылға созылған кәсіби мансабында барлығы 58 кездесу өткізіп, оның 50-ін жеңіспен аяқтаған (44 жеңісін нокаутпен ұтқан). 6 кездесуде жеңілген болса, 2 кездесу белгілі себептерге байланысты өтпей қалды. Соңғы жекпе-жегін 2005 жылы ирландиялық Кевин Макбрайд есімді боксшыға қарсы өткізіп, техникалық нокаутпен жеңіліс тапқан.
Аса ауыр салмақта "Темір Майк" WBC (22 қараша 1986 – 11 ақпан 1990, 16 наурыз 1996 – 24 қыркүйек 1996), WBA (7 наурыз 1987 – 11 ақпан 1990, 7 қыркүйек 1996 – 9 қараша 1996) және IBF (1 тамыз 1987 – 11 ақпан 1990) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы болған.

20 жылға созылған мансабында Майк Тайсон үш бірдей рекорд қойған. Бұл көрсеткіштер әлі күнге ешкімге берілер емес:
1. Аса ауыр салмақтағы ең жас әлем чемпионы – Тайсонның жасы небәрі жиырмада болған.
2, Аса ауыр салмақтағы әлемнің ең жас абсолютті (сол кездегі негізгі үш тұжырым бойынша) чемпионы – жиырма бір жасында.
3. Кәсіпқой рингке алғаш қадам басқаннан кейін аз уақыт аралығында ауыр салмақтағы титулдар мен абсолютті чемпион атағына қол жеткізген боксшы. Тайсон чемпион болу үшін 1 жыл 8 ай уақытын жұмсаса, абсолютті чемпион атану үшін бар болғаны 2 жыл 5 ай қажет болған.
Майк Тайсонның жойқын соққысы мен оның мызғымас қорғанысына байланысты жанкүйерлеп оны "Темір Майк" деп атап кетті. Ол әлі күнге дейін соққысы жойқын боксшылардың әр түрлі рейтингінде көш бастап жүр. Оның соққысының күші 1150 килоны құрайды екен.
Енді назарыңызға Майк Тайсонның өмірінен қызықты фактілерді ұсынамыз.
Боксқа қадам басу. Атақты боксшы кәсіби мансабын Мұхаммед Әлимен өткен кездесуден кейін бастайды. Майк Тайсон түрмеде жатқан кезінде балаларға дұрыс бағыт-бағдар беру үшін арнайы әйгілі спортшымен кездесу өтеді. Сол кездесуден алған әсерінен кейін Тайсон өзінің шаршы алаң үшін жаралғанын түсінеді.
  Ең қысқа жекпе-жек. Кәсіби деңгейдегі жекпе-жектің бірінде Майк шаршы алаңда отыз-ақ секунд өнер көрсетті. Бұл кездесу 1986 жылы өтті. Онда Майк Тайсон танымал Джо Фрейзердің ұлы Марвис Фрейзерді нокаутқа түсірді. Ол өзінің қарсыласына мүлдем мүмкіндік бермей, бір бұрышқа қысып, оң қолымен иек астынан жоғары қарай бағытталған (апперкот) соққы жұмсап, артынша тағы бірнеше жойқын соққылар жасап үлгерді. Мұндай шабуылға шыдамаған Фрейзер бірден нокаутқа құлады.
  Тұмары - татуировкасы. Тайсон өзінің ең сенімді тұмарым деп татуировкаларын айтады. Олар кәсіби боксшы да аз емес. Біріншісі - сол жақ білегінде орналасқан. Онда оның екінші әйелі бейнеленген. Ал оң жақ иығында американдық теннисші Артур Эш тұрса, сол жақ білегінде айдаһардың суреті салынған. Сонымен қатар спортшы жауырынына Мао Дзе Дуннің, ал төменгі қабырғасына Че Гевараның бейнесін салдыртқан.
22 мамыр 2020 ж. 695 0