Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Данияр Елеусіновтің қарсыласы жайлы не білеміз?

Данияр Елеусіновтің қарсыласы жайлы не білеміз?

Кәсіпқой бокста қазақ елінің абыройын асырып жүрген спортшы Данияр Елеусінов мансабындағы сегізінші жекпе-жегін 13 қыркүйек күні Нью-Йоркте (АҚШ) өткізеді. Отандасымыз америкалық боксшы Решард Хикспен жұдырықтасады.
 Решард Хикс 1984 жылы 17 қараша күні АҚШ-тың Киллен қаласында өмірге келген. Бала кезде боксқа қызықпаған екен. Жеңіл атлетикамен айналысып, америка футболынан өзі оқыған колледждің құрама сапында болған. Оқуын бітіргеннен соң әскерге кетеді. Алайда біраз уақытттан соң Хикстен асқазан рагы бар екені анықталып, үйіне қайтады. Ауыр дерттен айыққаннан соң ол боксқа қызыға бастайды. Ал 25 жасында алғаш қолғап киеді.
Жасы 34-ке келсе де кәсіпқой бокста бар болғаны 13 жекпе-жек өткізіп үлгерген. Себебі ол кәсіпқой рингте небәрі 2013 жылы ауысқан. Бірінші жылы бір жекпе-жек өткізсе, 2014 жылы үш мәрте жұдырықтасты. Ал одан кейінгі жылдары кемінде екі жекпе-жектен өткізіп отырды. Ал Данияр Елеусінов болса 2018 жылы бес рет шаршы алаңға шыққан. Америкалық боксшы 13 жекпе-жегінің тек біреуінде, Джонатан Стилмен тең түскен. Қалған 12 кездесуінде жеңіске жетсе, оның алтауын уақытынан бұрын аяқтаған.
BoxRec рейтингінде Решард Хикс 439 орынға жайғасқан. Данияр Елеусінов болса 167 сатыда. Америкалық боксшы WBB and Texas Welterweight Champ және WCF International Welterweight белбеулерінің иегері.
Данияр Елеусінов пен Решард Хикс 13 қыркүйек күні Нью-Йорктегі Hulu Theather кешенінде өтетін кеште жұдырықтасады. Олардың жекпе-жегі 10 раундқа жоспарланған. Басты жекпе-жекте бірінші жеңіл салмақтағы боксшылар Девин Хэйни (22-0, 14 КО) пен Заур Абдуллаев (11-0, 7 КО) кездеседі. Олар WBC чемпиондық атағы үшін айқасады.
Қазақстандық боксшы кәсіпқой боксшы жеті жекпе-жек өткізіп үлгерді. Барлығында қарсыластарын айқын ұтып келеді. Сондай-ақ Оскарға қарсы алғаш рет он раундтық жекпе-жекке шықпақ.
Данияр Елеусінов – 28 жасар қазақстандық боксшы, кәсіби рингтегі алғашқы жекпе-жегі 2018 жылдың 28 сәуірі күні Нью-Йорк қаласында өтті. Кездесуде боксшы америкалық Ноа Киддті үшінші раундта нокаутқа жіберді. Соңғы жекпе-жегінде  чилилік  Луис Норамбуэнамен (3-1-1, 2 КО)кездесіп,  төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті.
26 тамыз 2019 ж. 888 0