Толқын Арал аудандық қоғамдық-саяси газет
» » Данияр Елеусінов 60 жекпе-жек өткізген боксшымен жұдырықтасады

Данияр Елеусінов 60 жекпе-жек өткізген боксшымен жұдырықтасады

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов (5-0, 3 КО) 15 наурыз күні Филадельфияда жекпе-жек өткізеді.
Отандасымыз кәсіпқой бокста 60 жекпе-жек өткізген мексикалық Сильверио Ортиспен (37-23, 18 КО) жұдырықтасатын болды. Данияр Елеусінов Филадельфиядағы бокс кешінде мексикалық Карлос Хименеспен (14-9-1, 8 КО) кездесетіні жайлы хабарланған. Кейіннен бұл боксшы Даниярмен емес, қазақстандық өзге боксшы Батыр Жүкембаевпен (14-0, 12 КО) жұдырықтасуды жөн санаған. Бұл боксшылардың шаршы алаңдағы шайқасы 16 наурыз күні Монреальда өтеді.
Олимпиада чемпионы атанған қазақстандық боксшының 36 жастағы қарсыласы тәжірибелі боксшылардың бірі. Жекпе-жек 8 раундқа жоспарланған. Екі боксшы жұдырықтасатын бокс кешінде Геннадий Головкиннің қарсыласы болған Габриэль Росадо да жекпе-жек өткізеді. Сондай-ақ Олимпиада чемпионы Кэти Тэйлор шаршы алаңға шығады.
Данияр Елеусінов кәсіпқой боксқа 2018 жылдың наурыз айында біржола ауысты. Одан бергі аралықта 5 рет шаршы алаңға шығып, барлығында жеңіске жетті. Соңғы рет Монакода никарагуалық боксшы Маркос Мохиконы нокаутпен жеңді.
massaget.kz
01 наурыз 2019 ж. 576 0