Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Америкалық боксшылар Головкин - Пакьяо жекпе-жегінің жеңімпазын атады

Америкалық боксшылар Головкин - Пакьяо жекпе-жегінің жеңімпазын атады

Америкалық боксшылар қазақстандық Геннадий Головкин мен филиппиндік Мэнни Пакьяо жекпе-жек өткізсе кімнің жеңіске жететінін болжап көрді.
Эндрю Табити (17-1, 13 КО) - бірінші ауыр салмақта чемпиондық титулына бұрынғы үміткер:
 - Жеңісті GGG-ге беремін. Оның денесі ірірек, оған қоса олардың жекпе-жегі аралық салмақта өтеді. Мэнни бұған дейін қарсыластарын аралық салмақта жеңген еді. Оған қоса Головкин үшін бұл жекпе-жек зейнетке шықпай тұрып қомақты қаржы табудың жолы.
  Дэнис Даглин (22-7, 14 КО), ресейлік боксшы Сергей Ковалевтың бұрынғы спарринг-қарсыласы:
– GGG. Мені дұрыс түсініңіздер. Пакьяо – ұлы боксшы. Бірақ 72 килоға көтерілу... Мэнни, сабыр сақта, сен байсың, оған қоса жасың да келді. Оның жақсы боксшыларға қарсы жақсы жұдырықтасатынынбілемін. Бірақ өзінен ірі боксшыларға қарсы жекпе-жегін көргім келмейді.
Кіші Шейн Мозли, үш салмақта әлем чемпионы болған Шейн Мозлидің ұлы:
– Бұл жекпе-жектің болатынына сене алмаймын. Шыны керек, Пакьяо үшін GGG тым үлкен қарсылас секілді. Мэнни жылдам дегеннің өзінде салмақты бөлудің өзіндік мәні бар ғой. Пакьоға GGG-ді жеңуі мүмкін емес секілді.
  Джефф Мейвезер, кіші Флойд Мейвезер ағасы әрі бапкері:
– Мен GGG-ге жанкүйер боламын. Мэнни тым кішкентай. Ол бұрындары қанша салмақ ауыстырғанымен физикалық тұрғыдан кішкентай болатын. Ал GGG ол үшін тым ірі.
Томас Хилл (8-3, 1 КО):
– Мэнни Пакьяо жеңеді деп ойлаймын, өйткені ол шапшаң қозғалады. Мэннидің GGG секілді жасы келді. Дегенмен әлі де болсын күш-қуаты бар.
  Кевин Джонсон (8-2, 4 КО):
– Бұл жекпе-жек шынымен өте ме? Пакьяо салмақ көтере ме? Өкінішті. Аңқау Мэнни Пакьяо... Тең нәтиже тіркеледі деп ойлаймын. Өйткені Пакьяоның жылдамдығы мен қуаты бар. GGG болса нокаутер. Мэнни жақын да, алыс та қашықтықтан жұдырықтасады. Мен үшін тең жекпе-жек болады.
Лавонт Иэрлей (10-1, 5 КО):
– GGG, өйткені Пакьяоның жасы 41-ге келді. GGG де жасқа келіп қалды. Бірақ ол әлі де болсын көп шабуылдап, жойқын соққылар жасай алады. Ал Пакьяоның соққылары GGG-ге әсер етпейтін секілді. Меніңше, GGG жеңіске жетеді.
Күзде GGG поляк боксшысы Камила Шереметаға қарсы чемпиондық белбеуін қорғайды. Жекпе-жек қазан не қараша айында АҚШ-та өтеді деп күтілуде.
  Ал Головкиннің мексикалық Сауль Альвареске қарсы үшінші жекпе-жегі бұрын айтылғандай желтоқсан айында емес, келер жылы өтеді. Ringpolska басылымының мәліметінше, GGG командасы биыл тек Камила Шереметаға қарсы жекпе-жекті өткізуді жоспарлап отыр.
Головкин соңғы жекпе-жегін өткен жылы Нью-Йорк қаласындағы Madison Square Garden кешенінде өткізіп, украиналық Сергей Деревянченконы жеңген болатын.
30 маусым 2020 ж. 733 0