Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мақсатына жеткен Мақсат

Мақсатына жеткен Мақсат

Кешегі жексенбіде Нұр-Сұлтандағы «Барыс-Арена» сарайында Астана күніне орай Қазақстан Барысының кезекті 11 турнирі өтті. Жергілікті уақытпен 13.00-де басталған алыптар бәсекесінде бір-бірінен кем түспейтін 34 мықты өзара бақ сынасты. Осыдан бірнеше уақыт бұрын «Сыр барысы» атанып, осы турнирге жолдама алған Нұрым мен Мақсатқа сенім артқандар көп болғанын білеміз. Бәлкім, осы жылы жеңіс бізге бұйырып қалар деген ойдағылар да көп болды. Міне, сол сенім ақталып, өз қарсыластарын қапы қалдырған қармақшылық Мақсат Исағабылов финалдық бәсекеде маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылқаповпен алысып, уақытынан бұрын алыптың жауырынын жер искетті. Аралдың баласы Нұрым бұл жолы да жарыс жолынан шығып қалды. Бабы келіскенмен, бағы келіспеген шығар. Есесіне жеңіс бізде.Сырдың намысын қорғаған марғасқа ұл Мақсат маңдайы жарқырап, аймақ мерейін тағы бір мәрте асырды. Естеріңізде болса, бұл Сырдың алып тұрған екінші бас жүлдесі. Ең алғашқысын 2011 жылы Ұлан Рысқұл алып, тұңғыш «Қазақстан Барысы» атанғанында бөркімізді аспанға атып, қатты қуанған едік. Содан бері араға 11 жыл уақыт салып, алыптар бәсекесіндегі алтын тайтұяқ бұйырып отыр. Әрине, осыдан бес жыл бұрын қармақшылық Еламан Ерғалиев әскер барысы атынан шығып, жеңіске жеткенін есептемегенде бұл біздің екінші жеңіс.
Хош... Мақсат бұл жолы ерледі. Сын сағатта тақым қысқан жерлестерінің үмітін ақтап, үлкен салмақтағы қарсыласын қапы қалдырған сәт бәріміздің көз алдымызда. Негізі бұлай боларын ешкім күтпесе керек-ті. Десе де халқымыздағы «Жігіттің бабымен талассаң да, бағымен таласа алмайсың» деген сөз бекер айтылмағанын осындайда ұғына түсесің. Бұл жеңіс бір жағынан аймақ тізгінін жаңадан ұстаған Н.Нәлібаевтың да мерейі шығар дедік. Осы сәтте өзінің желідегі парақшасында қуанышты хабарды бөліскен облыс әкімі:
– Қадірлі жерлестерім! Жеңісіміз құтты болсын! Елдің берекесі бірлікте. Кешегі Референдумда да Қызылорда облысының екінші тұғырға көтерілгені бірліктің нәтижесі еді. Бүгін ел намысын ер көтерген күн болды. Қуанышқа құшақ толатын мерейге жеттік. Ұлттық күрестің ұлық жолы – «Қазақстан барысы» балуандар сайысында жерлесіміз Мақсат Исағабылов бас жүлдені қанжығаға байлап, Сыр елінің абыройын асқақ етті. Жарайсың, жампозым!
Ел рухын биік ұстаған Мақсат бауырымды барша Сыр жұртының атынан елеулі жеңісімен құттықтаймын! Жығылмаған жауырынның жеңісі құтты болсын!
Сыр елінің абыройы асқақ, мәртебесі биік болғай! – деп, ізгі лебізін жеткізген.
Бұған дейін де жетістіктерге жетіп жүрген М.Исағабылов қазақ күресінен және самбодан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдодан спорт шебері, қазақ күресі, самбо, дзюдодан Қазақстанның бірнеше мәрте жеңімпазы, самбодан және қазақ күресінен Азия чемпионы, ҚР Ұлттық спорт түрлерінен V фестивалінің жеңімпазы, қазақ күресінен «Әлем Барысы» чемпионатының күміс жүлдегері, қазақ күресінен «Үздіктердің үздігі» республикалық турнирінің жеңімпазы, «Самғау» жастар сыйлығының иегері. Енді оған «Қазақстан Барысы» атағын қосыңыз. Жеңіс құтты болсын!
А. ҚАРАСАЙ
05 шілде 2022 ж. 1 716 0