Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қазақстан Барысы – 2023» жеңімпазы анықталды

«Қазақстан Барысы – 2023» жеңімпазы анықталды

Астана күніне орайластырылған қазақ күресінен «Қазақстан барысы – 2023» республикалық турнирінің жеңімпазы анықталды деп хабарлады turkystan.kz.

Финалдық белдесуде Маңғыстау облысының балуаны Нұрдәулет Жарылғапов пен күштік құрылымдар арасында өткен «Әскер Барысы» турнирінің жеңімпазы Ғалымжан Қырықбай күш сынасты. «Алтын белбеу» мен 25 миллион теңге Ғалымжан Қырықбайға бұйырды. «Қара Бура» лақап атымен танымал балуан Нұрдәулет Жарылғапов «күміс белбеуді» місе тұтты.

Үшінші орын үшін белдесу Павлодар облысының балуаны Мұхтар Дәлелханұлы мен «Әскер Барысы» турнирінің жеңімпазы Марат Байкамуров арасында өтті. Белдесу нәтижесі бойынша Мұхтар Дәлелханұлы қола белбеу иегері атанды.

1-орын – Ғалымжан Қырықбай (Әскер барысы, 145 кг), 25 млн теңге.

2-орын – Нұрдәулет Жарылғапов (Маңғыстау облысы, 155 кг ), 5,5 млн теңге.

3-орын – Мұхтар Дәлелханұлы (Павлодар облысы, 115 кг), 1,8 млн теңге.

Еске сала кетейік, елордада Астана күніне орай қазақ күресінен «Қазақстан барысы – 2023» республикалық турнирі өтті. Жарысқа өңірлерде іріктеу кезеңдерінен өтіп, «Қазақстан барысы – 2023» финалына жолдама алған мықты балуандар қатысты. Қазақ күресінен республикалық турнир 2011 жылдан бері тұрақты негізде ұйымдастырылып келеді.

Әр өңірден екі спортшыдан қатысты, олар абсолютті салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Биыл қатысушылардың жалпы саны – 41 балуан: әр өңірден екі спортшыдан, сондай-ақ, «Әскер Барысы» күш құрылымдары арасындағы турнирдің және өткен жылғы іріктеудің жеңімпаздары қатысты.

Турнирдің бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, сондай-ақ серіктестер қатарында «Sport Qory» спортты қолдау қоры және «Сәтті Жұлдыз» АҚ.

03 шілде 2023 ж. 335 0