Испания финалға жолдама алды
2026 жылғы футболдан Әлем чемпионатының алғашқы финалисі анықталды. АҚШ-тың Даллас қаласындағы әйгілі AT&T Stadium аренасында өткен жартылай финалда Испания құрамасы Францияны 2:0 есебімен ұтып, мундиальдің шешуші ойынына жолдама алды.Луис де ла Фуэнте шәкірттері матчтың алғашқы минуттарынан-ақ ойын тізгінін өз қолына алып, допқа иелік етуде де, шабуыл ұйымдастыруда да қарсыласынан басым түсті. Турнир бойы қуатты құрамымен ерекшеленген Франция бұл жолы өз әлеуетін толық көрсете алмады.
Кездесудің 22-минутында испандықтардың шабуылшысы Ламин Ямаль айып алаңында Люка Диньнің ережені бұзуынан кейін пенальтиге ие болды. 11 метрлік айып добын Микель Оярсабаль мүлт жібермей орындап, Испанияны алға шығарды.
Екінші таймда Франция таразы басын теңестіруге тырысқанымен, қорғаныстағы олқылықтың кесірінен тағы бір гол жіберіп алды. 58-минутта Педро Порро нәтижелі соққысымен есепті 2:0-ге жеткізіп, матч тағдырын іс жүзінде шешіп берді.
Қалған уақытта француздар шабуыл ұйымдастырғанымен, испан қорғанысы сенімді ойнап, қақпасына қауіп төндірген жоқ.
Матч алдында сарапшылар бұл кездесуді Ламин Ямаль мен Килиан Мбаппенің жеке текетіресі ретінде бағалаған еді. Алайда ойын тағдырын жекелеген жұлдыздар емес, тұтас ұжымдық футбол шешті.
Испания допты ұтымды бақылап, әр шабуылын жүйелі ұйымдастырса, Франция өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Көптеген маман дәл осы жартылай финалды француздардың бұл Әлем чемпионатындағы ең сәтсіз ойынының бірі деп бағалады.
Матчта Ламин Ямаль мергендер қатарына қосыла алған жоқ. Бір голы офсайдқа байланысты есепке алынбады. Дегенмен дәл оның белсенді әрекеті нәтижесінде Испания алғашқы голын соққан пенальтиге қол жеткізді.
Жақында ғана 19 жасқа толған жас шабуылшы тағы бір мәрте өзінің жоғары деңгейдегі футболшы екенін дәлелдеді. Турнир барысында жарақаттан кейін толық бабына келе қоймағанымен, оның әрбір қозғалысы қарсылас қорғаушыларына қиындық туғызды.
Матч алдында бас бапкер Луис де ла Фуэнте шәкіртіне ерекше сенім білдірген еді.
‒ Мен оған сабыр сақтап, футболдан ләззат алуды ғана айттым. Ламиннің бұл Әлем чемпионатындағы ең жарқын күні әлі алда, – деген болатын испан маманы.
Францияның басты үміті Килиан Мбаппе бұл кездесуде өз мүмкіндігін пайдалана алмады. Испания қорғаушылары әлемнің үздік шабуылшыларының бірін толықтай бақылауда ұстап, оған қауіпті шабуыл жасауға мүмкіндік берген жоқ.
Осылайша, Франция қатарынан үшінші рет мундиальдің финалына шығу мүмкіндігінен айырылды. Еске салсақ, француздар 2018 жылы чемпион атанса, 2022 жылғы финалда Аргентинаға пенальтилер сериясында жол берген болатын.
Испания Әлем чемпионатының финалына өз тарихында екінші рет шығып отыр. Бұған дейін «Қызыл фурия» 2010 жылы Оңтүстік Африкада өткен мундиальда чемпион атанған еді.
Соңғы жылдары испандар Франциямен кездесулерде айқын басымдық көрсетіп келеді. Екі команда арасындағы соңғы үш ресми кездесуде Испания жеңіске жетті. Оның қатарында Еуро-2024 жартылай финалы, 2025 жылғы Ұлттар лигасының финалы және енді 2026 жылғы мундиальдің жартылай финалы бар. Енді Луис де ла Фуэнте бастаған команда Әлем чемпионы атағы үшін Англия мен Аргентина арасындағы екінші жартылай финалдың жеңімпазымен кездеседі. Испания үшін араға 16 жыл салып әлем тәжін қайта киюге тамаша мүмкіндік туып тұр.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»
Ақпарат көзі: syrboyi.kz
Фото: www.google.com









