Альварес Головкинді жекпе-жекке шақырған боксшымен жұдырықтасуы мүмкін
Орта салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Деметриус Андраденің менеджері Эд Фаррис BoxingScene-ге берген сұхбатында WBC (Franchise), WBA (Super) және IBF титулдарының иегері Сауль Альвареспен жекпе-жек ұйымдастыру жайлы пікірін айтты, Бұған дейін боксшылардың 14 қыркүйекте жұдырықтасуы мүмкін екені хабарланған. Промоутерлер бұл жөнінде телефонмен сөйлескен. "Деметриус 14 қыркүйекте осы жекпе-жекті өткізуді қалайды және келісімге келуге дайын. Бұл оның өмірлік мүмкіндігі. "Канело" өз сөзінде тұрып, барлық белбеуді бір адамның қолына біріктіруге келіседі деп үміттенемін. Альварес көптеген ауыр жекпе-жекті қабылдады, енді 14 қыркүйекте Андрадемен жұдырықтасып, бәске бәрін тіге алады", - деді Фаррис. Андрадеден бөлек Альвареспен қыркүйекте жұдырықтасуға үміткерлер ішінде бірінші орта салмақта WBO чемпионы Хайме Мунгия мен ресейлік Сергей Ковалев бар. Екі боксшыға да ұсыныс түскен, бірақ Ковалев сыйақының аз болуына байланысты одан бас тартқан. "Канелоны" қазақстандық Геннадий Головкин де жекпе-жекке шақырған болатын. Бірақ боксшылардың келіссөзі нәтиже бермей, үшінші жекпе-жек 2020 жылы ғана өтуі ықтимал. Андраде бұған дейін Головкинді де жекпе-жекке шақырған еді.
https://kaz.tengrinews.kz