Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәңгілік сарын

Мәңгілік сарын

Рухани өміріміздің тарихында тұтас бір дәуірдің болмыс-бітімін, таным-түсінігін айшықтап көрсететін айрықша тұлғалар болады. Солардың бірегейі – түркі халықтарының арасына есімі ежелден танымал Қорқыт ата.

Сыр өңірінде мәңгілік өмір мәнін өлмес өнерден тапқан Қорқыт абыз жайлы аңыз да, әпсана да көп. Оны бала кезден құлағымызға құйып өстік. Алтайдан тараған түгел түркінің киесі, қобыздың иесі, ортақ миф пен фольклордың атасы саналатын Қорқыт ата мұрасы адамзат тарихында айрықша із қалдырған құбылыс. Бағзыдан керуен тартып, бүгінге жеткен өлмес мұра – жыраулық өнер бастауын осы қобыздан алады деседі.

«Қорқыт ата күйлері және қобызда орындалатын күй дәстүрі» 2018 жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының көрнекті тізіміне номинациялардың бірі болып енді. Бұл мәңгілік өмірді көксеп өткен дана Қорқыт мұрасының адамзат жадынан мәңгілік өшпейтінін танытады.

Қорқыт ата мұрасы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұрасы тізіміне кіруіне байланысты облыстық тарихи-өлкетану музейі мен «Сыр бойы», «Кызылординские вести» облыстық газеттері және «Qyzylorda» телеарнасы экспедиция ұйымдастырды. «Қорқыт мұрасы және Сыр өңіріндегі бақсылық өнер» танымдық экспедициясының мақсаты – Сыр бойында ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген Соқыр Нышан, Бекберген, Нұрғали бақсылардың өмірі мен олар пайдаланған қобыз туралы деректер жинастыру.

Алдымен Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылына бардық. Ел аузында «Соқыр Нышан» аталып кеткен Ысмайыл Шәменұлы 1960 жылдардың бас кезіне дейін осы ауылда тұрыпты. Бақсы ата өмір сүрген ескі үйдің орнына қазір жаңа үй түскен, аулада бес адамның құшағы жетпейтін ешкі ағашы (ива) өсіп тұр. Тұрғындар мұны киелі ағаш деп атайды екен. Нышан бақсының немере туысы Сәрсенкүл Ембергенқызы өзі куә болған оқиғаларды айтып берді.

– 1950 жылы Сырдария өзені тасып, ауылды су басты. Тұрғындар «Айдар шоқы» деген биік жерге көшеді. Үш-төрт жылдан кейін ауылға қайтып келген. Мен сол кезде дүниеге келіппін. Үй саларда ағайындар кесек құяды, Нышан атам осы ағаштың көлеңкесінде қобызымен күй тартып отырады. Сонда олар кесекті тез-тез құятын. Аулада құдық болды.

Екі жасында шешектен екі көзі көрмей қалған Нышан бес жасында тұлдыр жетім қалып, ағайындарының қолында өседі. Жасынан қобыз тартқан. Мен көргенде сақалды, кішкене бойлы, сары кісі еді. Мен 5 жасымнан бастап атамды қолынан жетектеп жүрдім. Атам «бұйрабасым» деп жақсы көріп, еркелетіп отыратын. 1962 жылы етжақын ағайындары келіп, қаладағы соқырлар үйіне апарып өткізді. Арқасы бар адам ғой, ол жерде көп болмады. Раушанбек деген немере туысы шығарып алып, Шымбайдан жер үй алып берді. Қазіргі ескі базардың кіреберсінде Нышан атам күй тартып отыратын. Өмірқұл деген баласы ескі базарға жетектеп апарып, өзі ұялып кетіп қалатын, – деді Сәрсенкүл апа.

Кешегі кеңестік дәуірде Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мұқтар Әуезов, Әлкей Марғұлан секілді Алаш асылдарының Нышан Шәменұлының күйін тамсана тыңдағаны туралы айтылады. Қызыл империя дәуірлеп тұрған кезінде бақсының қобызын тартып алып, өзін қуып жібереді. «Нышан атамның екі қобызы болды. Милиция тартып алған басында сылдырмағы бар үлкен қобызды Раушанбек іздестіріп еді, Мәскеуге алып кетті деген жауап алыпты. Сол күйі табылмады. Егер үйге кісі келетін болса құлағыма түнде атамның қобызының даусы келеді, – дейді ол.

Қазіргі уақытта ғалымдар Нышан Шәменұлы бізге Қорқыт атаның тоғыз күйін жеткізген деген тұжырымға келіп отыр. Олар: «Ұшардың ұлуы», «Тарғыл тана», «Әуіп-пай», «Қорқыт», «Башпай», «Желмая», «Сарын», «Қоңыр», «Байлаулы киіктің зары». Ал «Елім-ай, халқым-ай» күйін Нышан қобызшының төл туындысы деп таныған. Алайда, Нышан Шәменұлының ғұмырбаяны, шығармашылығы әлі толық зерттелген жоқ.

Мұнан соң осы ауылдағы Ишанбек қарттың үйінде сақталған Бекберген бақсы Әубәкірұлының емшілікке пайдаланған қобызын көрдік. Ел ішінде бақсы туралы аңызға бергісіз әңгімелер сақталған. Онан қалған қобыз Ишанбек қарттың төрінде ілулі тұр.

– Әкем Есмақ – Отан соғысының ардагері, 1983 жылы 90 жасында қайтты. «Қобызды көремін деген адамға көрсет, бірақ ешкімге берме» деп тапсырған еді. Сонан үйде сақтап отырмын. Әкем соғыстан жараланып келіп, қатты ауырған соң замандасы Бекберген бақсыға барады. Ол: «Сені аруақ қысып тұр екен. Осы қобызды тарт, жазыласың» депті. Бекберген де, оның әкесі де – аруақ қонған адамдар. Бекбергенге бақсылық әкесі Әубәкірден берілген, екеуі де – қобызбен адам емдеген кісілер. Сол кісінің қобызын тартқан соң әкем жазылып кетеді. Кейін өзі де қобызбен адам емдеді. Тамыр үзетіні де бар еді. Соғыста шекесіне оқ тиген Көшебай деген кісі болды ауылда. Әкем соны да емдеп, жазды, – деді ол.

Бекберген он тоғыз жасында бақсылық сынағынан өтіп, емдеу, болжау, болашақты көру, ойды оқу қасиеттерімен халыққа танылыпты. Оның «Айдаһар жыландардың арбауы», «Дүрсілдеген шұбар ат» атты күйлерін 1970 жылдары М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының қызметкерлері арнайы келіп, үнтаспаға жазып алады. Бір ғасырдан астам уақыт бұрын жасалған қобыз әбден ескірген. Ишанбек Есмақұлының айтуынша, Бекберген бақсы қобызды емшілік мақсатта Есмаққа сыйға берген екен. Содан бері Есмақ әулеті қобызды көзінің қарашығындай сақтап келеді.

Ишанбектің әкесі колхозшы болыпты. «Бірде әкем жұмыстан келсе, үйде бір жігіт отыр екен. Шиеліден келіпті. Түнде су жағасында жүріп сырқаттанған келіншегінің қол-аяғын байлап әкелген екен. Сонан әкем төрт сағат бойы қобыз шалып, аурудың егесімен арпалысып, қара суға түсті. Ақыры әлгі кісінің бойына судан жабысқан ауруды қуып шығып, сауықтырып жіберді. Арада бір-бір жарым жыл өткеннен кейін әлгі жас отбасы үйге арнайылап келіп, әкемнің батасын алып кетті. Әкемнен ем алып жазылып кеткендер көп» дегенді қосты қария.

Музей мамандары қобыздың көшірмесін жасату үшін өлшемін алды.

Сыр өңірінде осы кезге дейін зерттелмеген бақсылардың бірі – Нұрғали Смайылұлы. Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылында өмір сүрген Нұрғали бақсының көзін көргендердің айтуынша, бақсылық қасиет оған аталарынан беріліпті. Соқыр Нышан сияқты Нұрғали бақсының да екі көзі көрмеген. Ол туралы ұрпақтары аңыз қылып айтады: Бірде Нұрғалидің түсіне аталары еніп, «Жерге көмілген қобызды қайта қолға алып, бақсылық қасиетті қабылда!» деп үш рет аян береді. Бұған көнбеген Нұрғали бақсының көзі көрмей қалады. Осыдан кейін қорқып, бақсылықты қабылдап, өмірден өткенше емшілікпен айналысыпты. Қарашаңырақта сақталған киелі қобыздың үнін әр жұмада естіген адамдар бар екен. Бұл туралы бақсының ұрпақтары айтып берді.

Ал Жалағаш ауданы Ө.Шәменов ауылының тұрғыны Нысанбай Бозтайұлының шаңырағында Түмен әулиенің қобызы сақтаулы тұр. Экспедиция мүшелері Түмен әулие мен қобызы туралы қосымша деректерге қанықты.

– Қорқыт ата мұрасының ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұрасы тізіміне кіруіне байланысты облыстық тарихи-өлкетану музейі бірқатар жұмыс жүргізуде. Жалпы, халықтық өнерді сақтау, оны келер ұрпаққа мұра етіп қалдыру – біздің парызымыз. Осы экспедиция кезінде Нышан Шәменұлы және Бекберген, Нұрғали бақсылар туралы құнды деректер жинап, біржарым ғасыр бұрын жасалаған бірнеше қобыздың өлшемін алып, қор сақтаушыларды тізімге енгіздік, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми хатшысы Асхат Сайлау.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,
«Сыр бойы»

syrboyi.kz



31 тамыз 2023 ж. 13 821 0