ҚЫЗЫЛОРДАДА «ҚОРҚЫТ ЖӘНЕ ҰЛЫ ДАЛА САЗЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОЛЬКЛОРЛЫҚ МУЗЫКАЛЫҚ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ ӨТУДЕ

Бұл шараның басты мақсаты - түркітілдес елдер жастарының қарым-қатынасын нығайту, ортақ тарих пен құндылықтарын насихаттау, жастар саясатында оң бастамалар бойынша тәжірибе алмасу.
Өнер фестиваліне Иран, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен және еліміздің әр өңірінен белгілі ғалымдар мен өнер иелері қатысуда.
Облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов шараға қатысушы өнерпаздарды фестивальдің салтанатты ашылуымен құттықтады.
«Өздеріңізге белгілі, Қорқыт ата мұралары Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Бұл тек Сыр елінің ғана емес, барша түркі жұртының ортақ қуанышы. Бүгінгі ұлы ойшыл абыз Қорқыт атаның мұраларына арналып отырған бұл фестивальдің келер ұрпаққа берері көп.
Бүгінгі таңда облысымыздың 7 ауданында қобыз үйірмелері ашылып, оған кәсіби мамандар дәріс беріп, осы өнерге жас жеткіншектердің қызығушылығы күн санап артып келе жатқандығын мақтанышпен айтқым келеді»,-деді Н.Байқадамов.
Қорқыттың күйлері қазіргі уақытта Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жоғарғы оқу орындарында кәсіби мамандар арқылы шәкірттерге үйретіліп, әлем сахналарында орындалуда.
Айта кетейік, 2018 жылы Сыр елінде алғаш рет республикалық «Қорқыт. Қобыз» атты қобызшылар мен қобызбен сүйемелдеп жыр айтушылардың байқауы ұйымдастырылды.