Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің жалақысын дұрыс есептеуге қатысты тапсырма берді

Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің жалақысын дұрыс есептеуге қатысты тапсырма берді

Мұғалімдер жалақыны уақтылы алуы керек. Білім және ғылым министрлігінің аппараттық отырысында министр Асхат Аймағамбетов облыстық білім басқармаларына осындай тапсырма берді, деп хабарлайды inform.kz .
Отырыс барысында министр өзінің орынбасары Бибігүл Асыловадан мұғалімдердің айлығы бойынша қандай да бір қиындық туындап жатқаны туралы сұрады.
«Облыстық және қалалық білім басқармаларының ресми мәліметтеріне сәйкес, жергілікті бюджеттен және ақпан айындағы қаржыландыруды күткеннен кейін барлық мұғалімге айлықтары төленіп жатыр. Алайда біздің жобаны әзірлеушілеріміз «Калькулятор» атты чат әзірлеген еді. Сонда кейбір аймақтағы мұғалімдер ақшаның төленбей жатқанын айтып шағымдануда. Кейбір мектептегі есепшілердің дұрыс есептемеуінен үлкен шағымдар түсіп жатыр. Сол себепті аймақ басшыларының жауапты орынбасарларынан әркімнің өз аймағындағы ахуалды бақылап отыруын сұрадым. Өйткені, мың жарымға тарта өтінім келіп түскен. Өзім де оларға жауап беріп жатырмын. Алайда физикалық тұрғыда олардың бәріне жауап бере алмай жатырмыз. Мұғалімдер айлықтарының дұрыс есептеліп берілмей жатқанына шағымдануда», - деді Бибігүл Асылова Білім және ғылым министрлігінің аппараттық отырысында.
Өз кезегінде Асхат Аймағамбетов бұл бағытта тиісті вебинар өткізілуі керектігін айтып өтті.
«Тиісті тапсырма беремін. Арнайы вебинар өткізіп, сол бойынша тиісті технологияны қолдана отырып, барлық экономистер мен бухгалтерлерге бүкіл ақпаратты беру керек. Өйткені бүгінгі таңда түсінбеушілік өте көп. Мысалы облыстық білім басқармалары бір, басқасы екінші ақпаратты айтады. Жергілікті мектепке келгенде мұғалімдерге айлығын қалай төлейтінімізді түсінбей жатыр. Бірақ бізде нормативті құжатта – 11.93-ші қаулыда бәрі жазылып тұр. Ол жерде күрделі ештеңе жоқ. Коэфицентті жазып қойдық – енді соны көбейтіп, санау керек. «Калькулятор» чатын онлайн-режімде қостық. Содан да қарап отыруға болады», - деді Білім министрі.
Министрдің айтуынша, жалақыны мұғалімдер уақтылы алуы керек.
Еске сала кетсек, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздегі мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға көтерілген еді.


11 ақпан 2020 ж. 1 971 0