Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғаламнұр

Ғаламнұр

Мен – көпбалалы анамын. Әр адам жақсылықты да, қиындықты да, қуанышты да басынан өткеріп жатады емес пе?! Әрине, ол – өмір заңдылығы. Ақыл айтар жасқа келіп, ұл-қыз өсіріп отырған менің өмірге өкпем жоқ. Қиналғанда көмек қолын созып, қуанышыңды еселейтін жандар барын көріп қуанамын кейде. Қоғамның қорғаушылары да солар сияқты көрінеді.

Иә, көпбалалы анамын. Әрқайсысының орны ерекше. Солар секілді мені анасындай сыйлап, үлкенге деген құрметін аямайтын тағы бір қызым бар десем болады. Ол – өз баламдай болып кеткен Ғаламнұр Қарағұлқызы.
Осыдан бірнеше жыл бұрын баспанамды рәсімдеу үшін аудан орталығына келдім. Қажетті құжаттардың тізімін алып, куәландыратын орын іздеген болатынмын. Міне, Ғаламнұр қызыммен алғашқы рет сол кезде таныстым. Шағын ғана бөлме ішін оның мейірімділігі мен тұтынушыларына деген ыстық пейілі сәулеттендіріп жібергендей көрінді.
– Сәлеметсіз бе, апа! Келіңіз, жайғасыңыз, сізге қандай көмек қажет, – деп сөзін бастаған ол өзінің ілтипатымен маған жақын көрінді. Барлық қажет қағаздарымды дайындап, кеңесін де аямады. Міне, осылайша басталған таныстық әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Бүгінде үлкеннің жасына құрметпен, адамның жағдайына түсіністікпен қарайтындар азайып барады ғой. Оған талай мәрте куә де болып жүрміз. Ал Ғаламнұрдың бұл мәселеге келгенде көзқарасы тіпті бөлек. Кішіпейілділік турасында көпшілікке үлгі етіп айтарлықтай керемет жан. Сөзімді нақтылап кетейін.
«Адамның байлығы – денінің саулығы» дейді ғой қазақ. Расымен де «бас аманда мал тәтті, бас ауырса жан тәтті» екендігін көзім ауырған кезде жақсы түсіндім. Бір көзіме ота жасаттым. Ендігі кезекте мүгедектікке құжат рәсімдеу жұмысы тұрды. Тағы да Ғаламнұр қызымның көмегіне жүгіндім. «Апалап» жүріп бастан-аяқ көмегін көрсетті. Тіпті көпбалалы ана ретінде маған жеңілдік те жасады.
Бұл тек өзіме жасаған жақсылықтары ғана. Көзім көргенді ғана жазып отырмын. Ал құлағым естіп жүргені қаншама. Соның бірі – өткен жылы Нәзира Смағанбетованың баспаналы болуы үшін «Арал мейірімі» қоғамдық қорына көмектескені.
Иә, кім-кімнің де еңбегіне халық таразы болады. Өз кәсібін 2008 жылы бастаған Ғаламнұр Қарағұлқызының еңбегі еленгендігін жұмыс орнына барған жан анық байқайды. Алғыс хаттарға толы бөлме ішінен республикалық деңгейдегі мадақтамалардан бөлек, нотариустық палата мен аудандық мешіттің де Алғыс хатын көре аласыз.
Еңбегімен  ел алғысына кенеліп жүрген нәзік жанды қызымның кәсібі өркендей берсін.

Тойған СЕРІКБАЕВА,
Жақсықылыш кенті
08 наурыз 2020 ж. 761 0