Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құмар ойын құрдымға жібермесін

Құмар ойын құрдымға жібермесін

Қазіргі таңда еріккенге ермек көбейді. Қу жанын бағып, жатып ішер жалқауға айналғандардың «құмар ойын» десе аш қасқырдай арандайтынын біз қазақ әлі білмей келеміз ау. Білсек те мән бермейтініміз тағы бар. Сол немқұрайлылықтың салдарынан небір жастардың жапырақ ғұмыры ерте солып, көптеген жас жанұяның кеше тұрғызған керегесі сөгіліп жатыр. Осыдан бес-алты жылдай бұрын еліміздегі казино атаулылар түгелімен жабылғаны есімізде. Себебі, кеше ғана ес жиған қазаққа бұл үлкен бір кеселдей көрінген еді. Талай жанның есептеулі қаржысын есепсіз сорған сорақы тірліктердің дәурені сол кездері аяқталғандай көрінді көбімізге. Десе де ол кездерде қала көрген кез келген ер азаматтың басынан бұл жағдай өтпеді дей алмаспыз. Сол казинолардың біріне алғашқы студенттік оқу жылдары аяқ басқандардың бірі мен едім. Бүгінде басымнан өткен жайт есіме түссе ессіз адамдай күлетінім бар. Қайтеміз енді, ақмақтық шығар. Екі-үш жыл болса да менен бұрын көргені бар қала баласының қу сөзіне еріп, әлгіндей ойынханаға өз аяғыммен кіріп, опық жегенім әлі күнге есімнен кетер емес. Содан кейін мен үшін автомат ойындар азапты өмірдің алғашқы сатысындай көрінді.
Біз осы неге тән құмарлығы мен жан құмарлығына өзіміз жол ашып береміз. Оның көп жағдайда арты жақсылыққа әкелмесін білсек те айналып барып, құрған торына түсіп жатамыз. Түптеп келгенде әлгі құмар ойындардың зияны шаш етектен. Сол ойын автоматтарынан зардап шегіп, қарызға батқан замандастар толып жүр. Олар үшін сенің айтқан ақылыңның көк тиынға татырлық құны жоқ. Керісінше, ойын құрылғыларынан сау етіп түскен татымсыз тиынның қадірі жоғары. Солар ақша қандай жолмен келсе, сондай жолмен кетерін білмейді. Бұл жағдай жылт еткенге алаңдайтын аңғал қазақтың бас ауыртарлық басты мәселелерінің біріне айналып отыр.
Бірде танысыммен жолығып қалдым. Көптен жұмыссыз жүргенін білетінмін. Қазіргі уақытта жұмысы бар екен. Әдепкіде тартынып айтқысы келмеген, қыстап қоймаған соң айтпасына болмады. Сөйтсем, ол қаладағы шағын ойынханалардың бірінде «Кено» атты ойынның көркін қыздыратын болып шықты. Ойнамайды әрине. Тек ойнауға келгендерге нұсқау беріп, іштегі тәртіпті бақылаушы екен.
– Шағын болса да ойынхананың ішінен адам арылған емес. Келетіндердің көбі жастар. Бұл ойын автоматтарның құдды бір адам тартатын қасиеті бар тәрізді. Ол әдепкі келгендерді ұттырады. Уақыт өте өзінің жетегіне ерітіп, қалтасындағы мен отбасындағы қаржыны сүлікше сорады. Кей кездері әбден ұтылып, қалтасында көк тиын қалмаған келушілер қолындағы телефон, сағат, сақина сынды құнды заттарын болмашы тиынға айырбастап жатады. Ақыр соңында ол ақшадан да қағылып, амалсыз әлгі ойынхананы босатып жатады. Мен сондай жандарды қатты аяймын. Кейде сол ойынға салынып, қалтасын күнде қағып қайтатын жандарға аянышпен қараймын. Бірақ, өзін өзі аямаған адамның өзгенің кеңесіне құлақ аса қоюы екіталай, – деп өз ойын білдірді.
Бұл тұрғыда нанталап жолында жүрген әлгі танысымның тірлігіне таңданыс білдіргеніммен, қарсылық танытпадым. Алайда, ұтылса да ұстанған бағытынан қайтпайтын әлгіндей жандардың өз-өздерін құрдымға жіберіп жатқаны қынжылтады. Осы ретте мысал қылып айтар тағы бір жайт еріксіз ойға оралып отыр.
Мен танитын сол бір жан қазіргі таңда туған ауылында. Үлкен қалаларда абыройлы еңбек етіп жүрген оның жұрт сүйсініп айтар жақсы тірлігі бар еді. Бір емес бірнеше жерде жұмыс жасады. Жан-жақтылығымен көзге түсіп, спорт саласында жақсы жетістіктерге жетті. Алайда, келген ырысты өзі кері тепті ме уақыт өте қалыпты тірлігі бұзыла бастады. Ақыр соңында жұмыстан шықты, артынша ол қалада тұра алмасын білде ме елге қайтып оралды. Аудан орталығында да ол үшін дайын жұмыстың реті бар еді. Алайда, ол жұмысты да жарытып істеген жоқ. Ойын автоматтарына жиі барды. Тапқан таянғанын соған салды. Қарызданды, қауғаланды. Ақыры былыққа белшесінен батып, бас сауғалап босып кетті. Оның сол бір сорақы тірлігі кейін белгілі болып, әлгі жолынан ағайын-туыс болып арашалаған болды. Бүгінде әлгі жан айналып кеп ауылға байланды. Бүгінде ол басынан өткерген жайттарды көрген түстей сезінеді. Беделді жұмыс пен байсалды тірліктің ауылы бүгінде келмеске кеткен. Қайта оралайын десе, үлкен қала өзін жұтып жіберердей үрейланеді. Осылайша қу нәпсінің құлы болған ол өзекке тепкен қалалық өгей өмірге өкініш білдіреді. Алайда бәрі кеш.
Ойын автоматы кімнің көйлегін көк, қарнын тоқ етті. Ондай жағдайды естімеппін. Керісінше, құмар ойын құрдымның қақпағы көрінеді маған. Қалтаға түскен азғантай тиынға үйде жолыңды тосып отырған жарың мен балаларыңа бір нәрсе алсаң, берекет кірмей ме үйге?! Сол сенің ойын автоматын ұтқаның болар еді. Құмар ойынның құрығына түскенше, үйдегі баланың ойынын қызықтаған абзалырақ болар.
А.АМАНОВ.
26 қаңтар 2018 ж. 2 819 0