Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Байқоңыр тұрғындары қолжетімді әрі экологиялық таза отынмен қамтамасыз етіледі

Байқоңыр тұрғындары қолжетімді әрі экологиялық таза отынмен қамтамасыз етіледі

Парламент Сенатының жалпы отырысында «ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы келісім 2019 жылғы сәуірде жасалды. Келісім «Байқоңыр» кешенін газбен қамтамасыз етудің құқықтық негіздерін айқындауға бағытталған және тұтынушыларды сұйытылған мұнай газынан табиғи газға көшіруді көздейді.
ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, бұған дейін Байқоңыр қаласын газбен, яғни сұйытылған мұнай газы немесе пропан-бутанмен жабдықтау үшін ресейлік «Газовое хозяйство» кәсіпорны жауапты болған. Сұйытылған мұнай газының бағасы бір келісіне 343 теңге немесе текше метрге шаққанда 714 теңгені құрады.
«Үкіметаралық келісімге сәйкес, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ға қала аумағында және «Байқоңыр» ғарыш айлағында табиғи газды өткізу құқығы беріледі. Осы қызмет ресейлік салық органдарында тіркелмей жүзеге асырылады. Бұл қосарланған салық салуға жол бермейді. Келісімде Байқоңыр қаласының аумағында табиғи газды бөлшек саудада өткізу бағасы Қызылорда облысының газ тұтынушылары үшін Қазақстанның монополияға қарсы органы белгілейтін бағаға сәйкес келуі тиіс деп бекітілген», – деді ведомство басшысы.
Оның атап өтуінше, бүгінде Байқоңыр қаласы және Қызылорда облысындағы табиғи газдың бөлшек бағасы тұрғындар үшін қосымша құн салығын есептемегенде бір текше метрге 18,6 теңгені, заңды тұлғалар және бюджеттік ұйымдар үшін бір текше метрі 18,9 теңгені құрады.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мен «Газовое хозяйство» кәсіпорнының бірлескен жұмысының нәтижелері бойынша қазіргі уақытта Байқоңыр қаласының барлық көпқабатты секторы, яғни 328 тұрғын үй, сондай-ақ 150 жеке үйдің 45-і табиғи газға қосылған.
«Осы келісім тұрғындар үшін коммуналдық қызмет шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Себебі сұйытылған газға қарағанда, табиғи газдың құны айтарлықтай арзан. Бұдан басқа, Байқоңыр қаласында газды бөлу инфрақұрылымы салыстырмалы түрде жаңа болып есептеледі», – деді Нұрлан Ноғаев.

12 наурыз 2020 ж. 636 0