Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 412 отбасы оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударды

412 отбасы оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударды

Жыл басынан бері 412 отбасы "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударды.

2020 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша жұмыс күші көп өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге жалпы саны 1437 адам болатын 412 отбасы қоныс аударды, оның ішінде 744 адам еңбекке қабілетті жаста. Еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің ішінен 319 адам жаңа тұрғылықты жері бойынша жұмысқа орналастырылды.Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасында еңбек ресурстарының ұтқырлығын ынталандыру үшін Үкімет айқындайтын өңірлерге ерікті түрде қоныс аударатын адамдарға мемлекеттік қолдау шаралары көзделген.
Қоныс аударушылардың келесі шығу өңірлері анықталды: Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстары, сондай-ақ, Алматы қаласы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары. Қабылдау өңірлері: Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде ерікті қоныс аударуға қатысушылар үшін субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады:
- отбасы әрбір мүшесіне 35 АЕК (92 мың теңге) көшуге біржолғы төлем;
- тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығындарды жабу үшін, олар отбасы мүшелерінің санына және жергілікті жеріне байланысты отбасына 12 ай ішінде ай сайын 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде (39 мыңнан 79 мың теңгеге дейін) төленеді.
Сондай-ақ, биыл қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету тетігі жалғастырылатын болады.
Солтүстік Қазақстан облысында тұрғын үй құрылысы бойынша 714 жеке объект салынады, Павлодар облысында қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 441 пәтер сатып алынады.
2020 жылы қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы 6 379 адам (1 878 отбасы) мөлшерінде белгіленген.
https://baq.kz/
16 наурыз 2020 ж. 770 0