Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда алғашқы науқас тіркелді

Аралда алғашқы науқас тіркелді

Құрметті аудан тұрғындары! Қадірлі жерлестер!
Жаһанды жайлаған кесірлі кесел біздің елімізде күрделене түсуде. Аурудың алдын алу шаралары дер кезінде қолға алынса да, облыс аумағында да індетті жұқтырғандардың саны күн санап артуда. Коронавируспен күрес ешкімге оңайға соқпайтыны белгілі. Сондықтан, қазіргі жағдай бірлігімізді нығайтып, тас-түйін тәртіпке бағынып, сабыр сақтап, қауіпсіздік шараларын сақтауда ширақтық танытуды талап етеді.

Өкінішке орай, Арал ауданы бойынша 07.04.2020 жылы сағат 15:30-да коронавирус инфекциясының 1 жағдайы тіркелді. Арал қаласынан анықталған науқас қазіргі таңда аудандық жұқпалы аурулар бөлімінде емін алуда. Науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Ошақта қорытынды залалсыздандыру шарасы жүргізілді. Науқаспен тығыз қарым-қатынаста болған 17 адам карантиндік стационарға жатқызылып, вирусологиялық зертханаларға сынамалары жолданып, медициналық бақылауға алынды. Бұл жағдай аудан тұрғындарын барынша сақтана түсуді ескертіп отыр.

«Қамданған қапы қалмайды» дегендей, барша аудан тұрғындарын денсаулық сақтау қызметкерлерінің ескертуіне құлақ асып, коронавирус мәселесіне өте сергек қарауын сұраймыз. Осы орайда, бетперде, медициналық қолғап пен антисептикалық құралдарды пайдаланып, санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақырамыз. Індетпен күрестің ең тиімді жолы – оқшаулану, яғни, үйде болу. Сондықтан бәріміз бір адамдай жұмылып, қауіпті індетпен күресуіміз керек. Бұл ретте көшеге көлікпен де, жаяу да шықпау қажет.
08 сәуір 2020 ж. 1 414 0