Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » COVID-19 жұқтырған медицина мамандарына төлемақы қалай беріледі?

COVID-19 жұқтырған медицина мамандарына төлемақы қалай беріледі?

Kyzylorda-news.kzҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева COVID-19 жұқтырған медицина мамандарына төлемақы қалай тағайындалатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Коронавирус инфекциясын жұқтырған медициналық мамандарға төлемақы тағайындау бойынша Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірлескен бұйрық шығарды. Онда коронавируспен күреске тікелей қатысқан мамандарға төлемақы беру алгоритмі жазылған. Басты негіздеме – маманның ауру жұқтыру фактісін хабарлау», – деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Хабарлаудан кейін инфекциялық ауру ошағын анықтау үшін эпидемиологиялық тексеру жүргізіледі.
«Тексеру нәтижесі арнайы комиссияға жіберіледі. Бұл комиссия құрамына еңбек инспекциясы өкілдері, жұмыс беруші өкілі, санитарлық-эпидемиологиялық ұйым өкілдері және қызметкердің немесе кәсіподақ ұйымының өкілдері кіреді. Аталған бұйрық күшіне енді және жақын арада жұмысын бастайды», – деді Л. Ақтаева.
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанның 13 өңірінде 370 медициналық қызметкер COVID-19 жұқтырған. Олардың 28 пайызы – дәрігерлер, 48 пайызы – медбикелер және 23 пайызы – кіші медициналық қызметкерлер.


16 сәуір 2020 ж. 767 0