Қазақстандағы екпе салу туралы шындық – денсаулық министрі жазба жариялады

«Тағы бір рет вакцина туралы бар шындықты тыңдауды өтінемін. Адамға екпе салу – аурулардың алдын алуға арналған медициналық қызмет. Ол қолданыстағы Кодекс және жаңа Кодекс жобасы бойынша тек адамның келісімімен ғана жасалады. Кез келген адам (ата-ана) бас тарта алады», – дейді минфистр.
Министр вакцинация жасау халықты эпидемия мен инфекциялардан қорғаудың ғылыми негізделген және дәлелденген жалғыз тәсіл екенін еске салды.
«Сондықтан кез келген мемлекет үшін міндетті. Бұл мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесінің міндетті шарасы. Егер вакцинация міндетті болмаса, перзентхана мен емхана дәрігерлері де екпе жасамайды», – деді Біртанов.
Оның айтуынша, мұның салдарынан жылына 4 миллионнан астам балаға гепатит, полиомиелит, туберкулез, пневмония сынды инфекцияларға қарсы мемлекет есебінен тегін екпе салынбайды.
Бұған дейін министр міндетті вакцинацияға қатысты әлеуметтік желідегі пікірталас туралы ойын айтқан болатын. Ол вакцинадан бас тартып жатқандардың саны көп екені жайлы ақпарат шындыққа жанаспайтынын жеткізді.