Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық бірыңғай тестілеу 21 маусым күні басталады

Ұлттық бірыңғай тестілеу 21 маусым күні басталады

Биыл ҰБТ-ның алғашқы күні 21 маусым, жексенбі күнге түсіп отыр.
Бірінші күні тек 6,5 мың талапкер емтихан тапсырады. ҰБТ-ның алғашқы күні 161 пунктің 51-і ғана істейді, оның 44-і ауылдық жерлерде орналасқан. Орташа есеппен бір ҰБТ тапсыру пунктіне 120 адамнан келеді.
21 маусым мен 5 шілде аралығында тестілеу тапсырылатын ағындардың жалпы саны 15-ті құрайды, деп мәлімдеді ҚР БҒМ баспасөз қызметі.
ҰБТ өткізілетін әрбір пункте медициналық-санитарлық сипаттағы күшейтілген шаралар қабылданады: дезинфекциялық тоннельден өту, арнайы дезинфекцияланған кілемшеде аяқ киімдерді зарарсыздандыру, дене қызуын өлшеу, қолды зарарсыздандыру сұйықтығымен өңдеу, медициналық маскалар беру.
Тестілеуге кіргізу және отырғызу кезінде тестіленушілер арасындағы арақашықтықтың кемінде 2 метр болуы қамтамасыз етіледі, сондай-ақ әрбір аудитория бактерицидтік құралдармен және ауа рециркуляторларымен кезең-кезеңмен желдетіліп, өңделетін болады.
Санитарлық талаптар қатаң сақталады, сондықтан аудиторияны тек 50%-ға дейін толтыруға болады. Сәйкесінше, жобалық қуаттылық ҰБТ-ны 6 күннің ішінде өткізуге мүмкіндік бергенімен, түлектерді аз-аздан жинау үшін тестілеу 15 күннің ішінде жүргізіледі.
Естеріңізге сала кетейік, биыл тестіленушілер үшін бұрын-соңды болмаған жағдай жасалды. Мәселен, алғаш рет калькулятор пайдалануға рұқсат етіліп, талапкерлер үшін тегін байқау сынақтары қолжетімді болды. Сонымен қатар тестілеуді өткізу уақыты 4 сағатқа дейін ұзартылып, түлектер мемлекеттік емтиханнан босатылды.
24.kz
19 маусым 2020 ж. 474 0