Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда облысы бойынша ҰБТ-ға қатысуға 5173 түлек өтініш білдірген

Қызылорда облысы бойынша ҰБТ-ға қатысуға 5173 түлек өтініш білдірген

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін өтініштер 10 мамырға дейін онлайн қабылданған.Облыс бойынша тестілеу пункттерінің мәліметіне сәйкес, 6101 мектеп бітірушінің 5173 ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірген, ол 85 пайызды құрап отыр. Былтырғы жылы 5755 мектеп бітірушінің 4143 қатысып, 72 пайызды құраған. Ағымдағы жылы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу 13 пайызға артып отыр.
Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді деп жоспарлануда. Әр аудиторияда оқушы саны 75 адамнан аспайды. Арақашықтық 2-3 метр сақталады. Ұлттық бірыңғай тестілеу жылдағыдай дәстүрлі қағаз түрінде, 5 пәннен (3 міндетті+2 бейіндік) өткізіледі. Барлық тест тапсырмаларының саны –120. Жалпы балл – 140. Педагогикалық мамандықтарға шекті деңгей – 70 балды құрайды.
Қысқартылған оқу мерзімдері бойынша оқуға түсушілер үшін – 2 пән, 60 сұрақ, жалпы балы – 70.
Талапкерде өзімен бірге қол жүгі, бөгде және тыйым салынған заттар болса тестілеуге жіберілмейді. Тыйым салынған заттарды алып кіруге ниеттенген және тестілеу барысында қолданған оқушылар Ұлттық бірыңғай тестілеуден бір жылға шеттетіледі және тест нәтижесі жойылады. Бір жыл көлемінде ақылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыса алмайды.
Тест тапсыру аудиториялары түгелдей бейнебақылаумен қамтылған және кез-келген өңірден аудиторияны бақылауға болады.
Апелляция тестілеуден соң сол күні онлайн беріледі. Апелляцияны жергілікті және республикалық апелляциялық комиссия қарайды.
Кез-келген Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырушы түлек анонимді түрде, кез-келген қате деп санаған сұрағын апелляцияға бере алады. Тест тапсырмалары оқулықтан алынады.
Министрдің бұйрығымен 2020-2021 жылдарға арналған мамандықтар бөлінісінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бекітілді. Құжатқа сәйкес, биыл жоғары білімі бар кадрларды даярлауға 53 864 грант бөлініп отыр.
Биылдан бастап мамандықтың грант конкурсы орыс тобы, қазақ тобы деп бөлінбей біртұтас өтеді. Жылдағыдай қазақ топтар мен орыс топтарының айырмашылығы болмайды. Сонымен қатар, Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен сертификат электронды түрде беріледі, ол Ұлттық тест орталығының сайтында орналастырылады.
Ұлттық бірыңғай тестілеуге байланысты өзгерістер болған жағдайда қосымша ақпараттандырылады.
05 маусым 2020 ж. 686 0