Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚР Премьер-Министрі орынбасарының облысқа сапары

ҚР Премьер-Министрі орынбасарының облысқа сапары

Кеше ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов арнайы іссапармен Қызылорда облысына келді. Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуын қадағалау үшін Сыр өңіріне жасаған сапарын облыс әкімдігі ғимаратында өткен мәжілістен бастаған вице-министр СК-Фармация басшысына облыстың медициналық мекемелерінің дәрі-дәрмекпен бір айлық қоры көлемінде қамтамасыз етілуін ерекше тапсырды.
Премьер-Министрдің орынбасары бір апта ішінде облыс мекемелеріне өкпені жасанды желдету аппараттары мен 26 шілдеде қосымша қажетті 200 оттек концентраторы жеткізілетінін хабарлады. Соның нәтижесінде аймақтағы қажеттілікті толықтай қам­тамасыз етуге болады. Сонымен қатар Ералы Тоғжанов:
– Күні кеше облыстың кей аудандарында той мен жиындар өткі­зілген. Дәрі-дәрмекпен, қажетті медициналық көмекпен мемлекет сөзсіз қамтамасыз етуде. Алайда індеттің таралмауы – бұл мемлекеттің ғана қолында емес, бұл істе халықтың да жауапкершілігі мол, – деп, жергілікті халықты санитарлық нормаларды сақтауға шақырды.
Жедел жәрдем станциясының жұмысымен танысу барысында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймақтағы жедел жәрдем жұмы­сының мобильді қызметін іске асыруда оң нәтижеге қол жеткізіп, шақыртулар көрсеткіші төмендегенін жеткізді. Мәселен, осындай қиын кезеңде облыс бойынша шақыртулар тәулігіне 2500-ден асып, жүктеме 2 есеге артқан болса, соңғы уақытта шақыртулар 39 пайызға азайып, аймақтағы ахуалдың тұрақ­тан­ған­дығын көрсетіп отыр.
Ал дәріханалар жұмысын бақылау барысында дәріханалар қоры үнемі сұранысқа ие дәрі-дәрмектермен, дәрумендермен толықтырылып отыратынынан хабардар болды. Қа­зіргі таңда аймақта 328 дәріхана, дәріхана пункттері фармацевтикалық қызметпен айналысады. Індеттің тарал­мауына қажетті дәрі-дәрмек­тердің уақытылы жетуі және баға­сының негізсіз көтерілмеуін арнайы мониторингтік топ бақылауда ұстай­ды.
Іссапар барысында Ералы Тоғжанов мұнан бөлек облыстық көп­салалы емханадағы жағдаймен танысып, індеттің таралуын болдырмау, алдын алу шараларын ұдайы назарда ұстап, болдырмау бағытында бірқатар тапсырмалар берді.
«Толқын» ақпарат
25 шілде 2020 ж. 436 0