Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрбан айт мерекесіне орай Арал аудандық орталық мешітінің мәлімдемесі

Құрбан айт мерекесіне орай Арал аудандық орталық мешітінің мәлімдемесі

Құрметті жерлестер!Қадірлі жамағат!
Баршаңызды исі мұсылман қауымының ұлық мейрамы – Құрбан айтпен шын  жүректен құттықтаймыз. Айт мейрамы құтты-берекелі болғай! Әр отбасына амандық, мықты саулық, мол ырыс пен бақ-береке тілейміз! Құрбан айт – күллі мұсылман үмбетінің екі ұлық мерекесінің бірі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (бұдан әрі – ҚМДБ) еліміздегі пандемиялық жағдайды басшылыққа алып, азаматтардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Құрбан айт күндерінің қалай өткізілетінін хабарлады.
Құрбан айт мерекесі ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің бекітуімен 31 шілде, 1-2 тамыз күндеріне сәйкес келіп отыр. Пандемия кезінде мешіттердің жабық болуына байланысты 31 шілде күні Құрбан айт намазы оқылмайды.
ҚМДБ ел мұсылмандарының өтінішін ескере отырып, биылғы жылы алғаш рет Құрбан айт қарсаңында халықаралық тәжірибеге сүйеніп, қашықтан құрбан шалу жобасын қолға алды. Осы мақсатта qurban2020.kz сайты толықтай іске қосылды. Кез келген азамат онлайн түрде құрбан шалуға тапсырыс бере алады.
Осы жоба аясында құрбандық шалу шаралары қашықтан жүзеге асырылады. Аудан тұрғындары аталған сайт арқылы құрбандық шалуға онлайн режимде тапсырыс беріп, малдың бағасын Kaspi.kz банкінің қосымшасы арқылы онлайн түрде төлеу операциясын жүзеге асырады. Онлайн түрде құрбандық шалуға өтінім беретін жеке тұлғалардың анкетасы (аты-жөні, тегі) және малдың атауы мен оның бағасы (қой, ешкі, сиыр, түйе) туралы мәліметтер ұсынылады. Ал құрбандық шалуға онлайн тапсырыс 30 шілдеге дейін қабылданады.
Осы жүйе арқылы құрбандыққа шалған малдың суреті мен бейне түсірілімін емін-еркін көріп, оны жүктеуіне толық мүмкіндігі бар.
Діни басқарманың мақсаты – азаматтардың құрбандығын шалып беруді ұйымдастыру. Онлайн тапсырыс арқылы құрбандық шалу кезінде үйреншікті болған малды өзіміз таңдау, қасапшының жанына барып, өзіміз сою секілді жағдай болмайды. Бұл жобаны карантин кезінде құрбан шалуға ниет еткен азаматтардың тілегін жүзеге асыруға мүмкіндік ретінде ұсынылып отыр. Тағы бір ескеретін жағдай, осы кезге дейін құрбан шалған азаматтар етті үшке бөліп, бір бөлігін ағайын-туыс, көрші-қолаңға арнап айттық дастарқанын жаятын. Пандемия жағдайына байланысты сойылған ет биыл түгелдей әлеуметтік аз қамтылған жандарға, мұқтаж отбасылардың үйлеріне жеткізіліп үлестіріледі. Осы ретте азаматтарға айтарымыз, пендешілікке салынбай, мал бағасын көтеріп, пайда табуды емес, сауапты іске атсалысуға шақырамыз.
Айта кетуіміз керек, онлайн құрбандық шалу барысында имамдардың жұмысы – делдалдық емес, аталған рәсімді ұйымдастыру және құрбан еттерін мұқтаж жандарға үлестіру.
Қазіргі уақытта аудан әкімдігі тарапынан қолдау көрсетіліп, ауданда құрбан шалу орны белгіленді. Діни рәсім жергілікті әкімдік пен санитарлық дәрігер мамандардың рұқсатымен, тәртіп сақшыларының қадағалауымен карантин талаптарын қатаң түрде сақтай отырып орындалады.
Сонымен қатар тұрғындарға құрбандықты өз үйлерінде шалу ұсынылады.
28 шілде 2020 ж. 1 439 0