Асқар Мамин коронавирус пандемиясының жаңа толқыны туралы айтты

Премьер-министрдің айтуынша, бір аптаның ішінде бірқатар облыста инфекцияның репродуктивті көрсеткіші, яғни, вирустың бір адамнан таралу деңгейі 1-ден төмен түсті. Олар: Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан мен Павлодар облыстары, Нұр-Сұлтан, Шымкент пен Алматы қалалары.
Үкімет басшысы әлем бойынша 126 мемлекетте коронавирус жұқтырғандардың жаңа өсімі тіркеліп отырғанын да атап өтті.«Ал инфекцияның репродуктивтік деңгейі 1-ден жоғары өңірлер: Қостанай мен Ақмола облыстары. Бұл өңірлерде жағдай күрделі және аймақ әкімдерді эпидемияға қарсы шараларды күшейтуге аса назар аударуы қажет», – деді Мамин үкіметтің онлайн отырысында.
«Пандемияның жаңа толқыны күзде пайда болуы мүмкін және оған дайын болуымыз керек. Оның алдын алу үшін барлық белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз етіп, жоспарланған іс-шаралар кешенін іске асыру қажет», – деп атап көрсетті Мамин.