Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Индустрияландыру бағдарламасы: өндіріс өрістеу жолында

Индустрияландыру бағдарламасы: өндіріс өрістеу жолында

Ел экономикасының ілгері жылжуына үлес қосатын Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қаншама нысандар іске қосылып, халыққа қызмет етуде. Өткен жыл Индустрияландырудың екінші бесжылдығы үшін қорытынды кезең болып, елімізде жалпы сомасы 360,6 миллиард теңгеге 76 жоба іске қосылып, 6 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Бағдарлама өз кезегінде елдегі инвестициялық ахуалдың да оңалуына ықпал етіп, ел қазынасын толықтырды. Мемлекетіміздің өнеркәсіптік әлеуетін толық пайдалану – еліміздің барлық ресурстары мен күш-қуатының қарқынды инновациялық даму жолына түсуіне ықпал етеді.
Ал индустрияландырудың үшінші бағдар­ламасын іске асыру биылғы жылдан басталады. Осыған орай, «Біз жеке сектордың әлеуетін барынша пайдалана отырып, экспортқа негізделген өңдеу өнеркәсібінің даму бағытын айқындадық. Индустрияландырудың үшінші бесжылдығын жүзеге асыру кезінде өткен бесжылдықтардағы кемшіліктерді ескеріп, өңделген өнімдердің экспортын ұлғайту, шығарылатын өнімдерді технологиялық тұрғыдан «күрделендіру», сапалы жұмыс орындарын ашу секілді міндеттерді орындау керек, – деді Мемлекет басшысы.
Ал ауданда индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында жалпы құны 101,8 миллиард теңгені құрайтын, іске қосылғанда 1389 азаматты жұмыспен қамтитын 6 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде Республикалық индус­трияландыру картасы бойынша «Арал сода» ЖШС-ның жалпы құны 93,5 миллиард теңгені құрайтын, 700 адамды жұмыспен қамтитын «Кальцийлендірілген сода зауыты құрылысы» жобасы бар. Екіншісі – жоба құны 3,3 миллиард теңгені құрайтын және 200 адамды жұмыспен қамтиды деп жоспарланған «Жак-Нур» ЖШС-ның «Титан өндіру бойынша кен байыту комбинаты» жобасы.         
Сондай-ақ өңірлік индустрияландыру кар­тасына бірнеше жобалар енген. Қазақ­стандағы ас тұзының жетекші өндірушісі, ең сапалы ас тұзын өндіретін ірі өндіріс орны – «Аралтұздың» ауданымыздың ғана емес, еліміз экономикасының дамуында елеулі үлесі бар. Өткен жылы аудан бойынша 652,7 мың тонна тұз қазылып, 226,5 мың тонна йодталған тұз өндірілді. Өнімі ел аумағында, сонымен қатар ТМД елдерінде жоғары деңгейдегі танымалдыққа ие болып, жергілікті халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отырған «Аралтұз» АҚ-ның (Жоба бастамашысы – Тауасаров Айдынбек) «Ас және техникалық тұз өндіру зауытын жаңғырту» жобасы бойынша өткен  құны 3,0 миллиард теңгені құрайтын «Үшінші испан цехын салу» жобасы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында мақұлданып, 1,9 миллиард теңге қаржысын алған болатын. Қалған 1,1 миллиард теңгесі ағымдағы жылы  қаржыландырылып, толық игеріп шығады деп күтілуде. Қазіргі таңда «Үшінші испан цехының» құрылысына  дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жоба іске қосылғаннан кейін 200 адамды қамтитын тұрақты жұмыс орындары құрылатын болады.
Ал өңірлік индустрияландыру картасына балық шаруашылығына қатысты бірнеше жоба енген. Ауданда өткен жылы ауланған балық 2950 тонна болса, өңделген балық 2938 тоннаны құрады. Сондай-ақ Ресей, Қытай, Германия, Польша, Нидерланды, Грузия, Украина, Әзірбайжан, Қырғызстан мемлекеттеріне экспортқа шығарылды. Жоба құны 160 миллион теңгені құрайтын «Қазақстан Аквакультура ЛТД» ЖШС-ның «Балықты тереңінен қайта өңдеу зауыты мен пластикалық қайық жасау цехын салу» жобасы өңірлік индустрияландыру картасына еніп, 100 адамды жұмыспен қамту көзделген. Сондай-ақ жоба құны – 312,5 миллион теңгені және жұмыс орындары 54 адамды құрайтын «Арал» Сервистік дайындау орталығы» ЖШС-ның «Тауарлы балықты өсіру және тереңнен өңдеу кешенін кеңейту» жобасы бар. Жоба құрылысы Арал қаласындағы балықты тереңінен өңдеу цехы, Домалақ көліндегі балық аулау шаруашылығы, Қамбаш көліндегі балық аулау шаруашылығы және туристік орталық, Бөген ауылдық округіндегі мұздату цехы және жатақхана құрылысы секілді төрт кезеңді құрайды.
Қазіргі таңда шаруалардың алдында тұрған негізгі мәселе – өнімді өңдеу және өткізу екені белгілі. Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген тағы бір жоба– жоба құны 1,53 миллиард теңгені құрайтын, 35 адамды жұмыспен қамтиды деп жоспарланған «Qazaq Camel» ЖШС-ның «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау цехы» жобасы.
Міне, осындай жобалар іске асырылған кезде мыңдаған адам жұмыспен қамтылып, игілігін ел көреді.
Р.Бисембаев,
аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және ­туризм бөлімінің басшысы
19 қыркүйек 2020 ж. 1 062 0