Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарақұмда қос отбасы баспаналы болды

Қарақұмда қос отбасы баспаналы болды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толуына орай, республика аумағында атты «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық акциясы бастау алған болатын. Акцияның мақсаты – мұқтаж отбасыларға халық болып қаражат жинап, баспана алып беру. Жоба басталғалы бері Қызылорда облысының өзінде жүздеген әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға баспана кілті табыс етілді.
Өткен аптада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының "Зекет қоры" қайырымдылық қорының Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, Қарақұм ауылындағы "Өтеп ишан" мешіті жамағаты және ауыл халқының бірігуімен "Ел үлесі – пәтерге" әлеуметтік жобасы аясында қарақұмдық екі отбасы баспаналы болды."Өтеп ишан" мешітінің бас имамы Құлтас Қибасов бұл қуаныштың ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлердің қайырымдылық шарасына ауызбіршілікпен жұмыла кірісуінің нәтижесінде жүзеге асқандығын айтады. 
– "Көп біріксе – күш" демекші, үйлердің іргетасын қалағаннан бастап, есік-терезесін жасатып, пеш кірпішін басып, тіпті су ішетін құдыққа дейін қазып, тезірек салынуына үлестерін қосқан,  сондай-ақ тағы бір үйге көмек ретінде терезесін жасатып, салып беруге көмектескен ауыл халқына ризашылығымды білдіремін. Екі отбасының қуанышы – ауылдың қуанышы, – дейді.
Пәтер кілтін табыстау салтанатына Қызылорда облысының бас имамы Болатбек Абуов, ҚМДБ "Зекет қоры" корпоративтік қорының Қызылорда облысы бойынша өкілі Оңталап Жидебаев, аудандық мешіттің бас имамы Қайырхан Қабылғазиев пен Жақсықылыш мешітінің имамы Мәжит Әбішов қатысты.
– Қазақ халқы қайырымдылықты қастерлі ұғым санап, қоғамда өзара қайырымдылық пен ынтымақ ортасының орнауына ерекше назар аударған. Республика мешіттерінде алғаш қолға алынған халықтық жобаға атсалысып, мұқтаж жандардың мәселесінен шет қалмай, қол ұшын созуға атсалысқан қарақұмдықтардың, яғни өздеріңіздің арқаларыңызда екі отбасы баспаналы болып, қуанышқа бөленуде. Бізді қолдаған барша жамағатқа алғыс білдіргіміз келеді. Қуаныш иелерін жаңа баспаналарымен шын жүректен құттықтаймыз. Қоныс құтты болсын!» – деген Болатбек Абуов  жақсы істің басы-қасында жүрген жанашыр азаматтарға ризашылығын жеткізді.
Тілекші қауым көпбалалы Әлтаевтар отбасының жаңа қонысында кең дастарқаннан дәм татып, қуанышын бөлісті. Жары қайтыс болғаннан бері төрт баласын бағып-қағып, жетілдіру қамында жүрген Нұртай Жұманұлы сырт жаққа барып, молдау қаражат табатын жұмыс істеп, үй салайын десе, бірінен соң бірі өсіп келе жатқан балаларын ешкімге жаутаңдастқысы келмей қиналатын. "Балаларыма қуаныш сыйлаған ауылдастарыма алғысым шексіз" дейді ол. Өзге өңірден өз ауылына оралған Еркебұлан Жақсылықұлы да баспанамен қамтамасыз еткен жандарға алғысын білдірді.    
Міне, Қарақұм халқы әрбір жан қайырымдылық жасауға асықса, баспана мәселесін де шешуге болатынын игі істерімен көрсетті.
"Толқын" ақпарат
29 қыркүйек 2020 ж. 1 399 0